Қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық көліктердегі қауіпсіздік мәселесі

31.05.2019

Бүгін Ішкі істер министрлігі арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қазіргі ахуалды айтып берді. Жыл сайын республикада қала ішіндегі автобустардың қатысуымен 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы болады екен. Салдарынан былтыр 50-ге жуық адам қаза тауып, мыңға жуық жолаушы жарақаттанған. Автобус жүргізушілерінің жиі апатқа ұшырауына не себеп? Олардың  жұмыс жүктемесі мен жол үстіндегі тәртібі қандай? Жолаушылар пікірі өзгерді ме?

Қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты сын-пікірлер әр уақытта айтылып келеді. Олардың әрбір оғаш әрекеті жолаушылардың назарынан тыс қалмайды.

Ереже бойынша жүргізушіні алаңдатуға болмайды. Ал, мына сәтте жүргізушінің өзі ерік беріп отыр. Осы ретте ондаған жолаушының пікірін білдік. Басым көпшілігі жүргізушілердің тәртібіне көңілі толмайтындығын жеткізді.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 700-ден астам жүргізуші тәртіп бұзып жазаға тартылған. Жолаушылар өміріне қатты қауіп төндіріп куәлігінен айырылғандар да бар. Олар негізінен жолдың қарсы бетіне шыққандар. Көліктік бақылау департаменті мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын көбеймесе азайған емес.

Самат Шәймерденов, көліктік бақылау департаментінің директоры:

Жүргізушілер жазадан қашып құтыла алмайды. Бізге түскен әрбір шағым тиянақты тексеріледі. Әрбір заң бұзушылық бойынша полиция шара қолданады.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің әрбір қимылы қырағы қадағаланбақ. Нұр-Сұлтан қаласының Көліктік бақылау департаменті осы мақсатта пилоттық жобана жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, бірнеше автобусқа бейнебақылау камерасын орнатып, онлайн түрде қадағалап отыр. Айта кетейік, бұл Еуропа елдерінен енгізіліп жатқан тәжірибе.

Райымбек Қабиболла, көліктік бақылау департаментінің менеджері:

1 автобуста 5 камера бар. Жылдамдығын асырса немесе ұйқыға қалғып кетіп жатса бізге осындай сурет келеді, сосын біз жүргізушіні линиядан шешеміз.

Бұл жерді қаланың «көзі» деп атауға болады. Себебі, мұнда көшедегі көлік қозғалысы күндіз-түні бақыланады. Бұл жолы автобустарға айрықша басымдық берілді.

Бақытжан Алтыбаев, әкімшілік полиция инспекторы:

Қауіпсіздік белдіктері одан кейін ұялы телефонмен сөйлескендері, кейбіреулері көлік құралын айдап бара жатып темекі шегуі мүмкін.

Санаулы уақытта заңды бұзған бірнеше автобус жүргізушісі назарға ілікті. Көпшілігі телефон қолданады және қауіпсіздік белдігін тақпайды. Зейнет Есіловтың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізу оңай жұмыс емес, оның үстіне талап та күшейіп кетті дейді.

Зейнет Есілов,  қоғамдық көлік жүргізушісі:

Біреуі ұрысып жатады, біреуі балағаттап жатады соның бәріне көніп тыңдап отырасың.

Халықаралық талап бойынша, жүргізуші күніне 7-8 сағаттан артық рөлде отырмауы тиіс. Бірақ, бұл талап біздегі қоғамдық көліктерде орындалмайтыны анық.

Бұл елордадағы №3 автопарк. Мұндағы қозғалыс түнгі 12-де аяқталып, тіршілігі таңғы 4-5те қайта жалғасады.

Автопаркте 245 жүргізуші бар. Соның жартысынан астамы күн сайын жолға шығады. Бірінші кезекте, алкосынақтан өтеді. Бұл жолы барлығы таза шықты. Дәрігер Салтанат Қашенованың айтуынша, көпшілігінің қан қысымы жоғары.

Салтанат Қашенова, №3 автопарктің медициналық қызметкері:

Қан қысымы 150 болады, 160-тан көп болса жібермейміз.

Автопарк басшысының айтуынша, жүргізушілердің орташа айлығы 300 мың теңге. Бейресми мәліметтерге сүйенсек 700 мың теңгеге дейін барады. Алайда, мұндай жалақыға қол жеткізу үшін күндіз түні ұйықтамай жұмыс істеу керек.

Қуат Оспанов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

-Таңертең ұйқыдан нешеде тұрасыз?

-Мен сағат 5-те тұрдым.

-Нешеде жатасыз?

-12-де, 1-де,

-Сонда сіз үш-ақ сағат ұйықтайсыз ғой, қиын емес пе?

-Жоқ.

Болат Нұрғалиев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

-Кеше нешеде жаттыңыз?

-11, 12-лерде.

-Күніне неше сағат ұйықтайсыз, 5-6 сағат. Точно санаған жоқпыз.

Дәулет Рахманқұлов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

Шаршаймыз ғой бізде адамбыз ғой.

Міне, осылай шала ұйқымен жүрген автобус жүргізушілерінің жол апатына ұшырау қаупі көбейеді. Ал автобус паркінің директоры Бауыржан Тілеубергеновтың айтуынша, қазір кәсіби біліктілігі жоғары жүргізушілер тапшы. Қажеттіліктің орнын өзіміз оқыту орталықтары арқылы толтырып жатырмыз,- дейді.

Бауыржан Тілеубергенов, №3 автобус паркінің директоры:

Мен халықаралық стандартқа сай жұмыс істеуге дайынмын. Жүргізуші 8 сағат ғана жұмыс істеу керек екені рас. Бірақ біздің жағдайда олай істеу мүмкін емес. Себебі, жүргізуші тапшы. Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшыға 7-8 сағаттық жұмыс жоспарын істеуге дайынмын. Бірақ, қалған уақыттың орнын кім толтырады? Сондықтан, біз жүргізушілерге 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демалуға рұқсат етіп отырмыз. Әзірше, осындай тәртіппен жұмыс істеуге мәжбүрміз.

 Қалай болғанда да қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі әлі күнге басы ашық күйінде қалып тұр. Күн сайын автобустардың соғылғаны туралы, жолаушылар мен жүргізуші арасындағы жанжалдар жөніндегі жағымсыз жаңалықтар жиі таралуда. Жол апаттарының алдын алу үшін, алдымен жазаны емес сананы өзгертуге қадам жасалса.

 Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу