Балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі деген тақырып қозғалғанда балабақшалар ойға оралатын болған. Оған тәрбиешілердің бүлдіршіндерге қол жұмсауы, дұрыс тамақтандырмауы және осы жақында ғана бір кішкентай баланың балабақша терезесінен құлап кеткені сияқты келеңсіз оқиғалар әсер еткені сөзсіз. Осы орайда біздің тілшілеріміз елордадағы балабақшалардың біріне барып, бүлдіршіндердің жертөледе ұйықтайтынын көріп қайтты. Жалпы, мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне қатысты мәселе сан мәрте көтерілгенімен, былықтар азаяр емес. Тілші материалы.
Елорданың элиталық ауданында орналасқан балабақшалардың бірі. Жасырын камерамен ішке ендік. Үш қабатты ғимараттан бүлдіршіндерді ұйықтататын қолайлы орын табылмағанға ұқсайды. Сәбилер сыз тартқан жертөледе жатыр. Камера арқылы бөлменің тастай суығы мен дымқылын жеткізе алмайтынымыз өкінішті. Осындай «қызметі» үшін мекеме әр баладан ай сайын 60 000 теңге алып отыр.
Бұл бір ғана оқиға емес. Жекеменшік балабақшалардың көбіне ұқсас көрініс. Мұндай мекемелерден бейнебақылау камераларын сұраудың өзі артық.
Жазира Асанова, Қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
Жекеменшік балабақшалар бойынша, әлі жұмыс жасалуда. Бірақ біз жыл соңына дейін жұмыс жүргіземіз. Олар көп қой. Мемлекеттік 94 балабақша бар, жекеменшіктің саны 200-ден астам. Биыл үлгермесек те, келесі жылдың бірінші жарты жылдығында қамтимыз.
Жекеменшік түгілі мемлекеттік мекемелердің өзінде бейнебақылау камералары толық орнатылмаған. Жауаптылар жыл аяғына дейін барлық балабақшаны толық қамтамасыз етеміз деп құтылды. Бірақ камерадан сескенетін тәрбиеші байқалмайды. Жақында елді дүрліктірген мына оқиғадан көпшілік әлі есін жия алар емес.
Мамандар балабақша қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру үшін оларды қайта оқыту қажет деп шешіпті.
Ләззат Мұратқызы, Қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру бөлімінің басшысы:
Білім басқармасынан 30 миллион бөлінді. 1500 тәрбиешіні арнайы кәсіби деңгейін көтеру, жұмыстағы жауапкершілігін үйрету, жұмысын дұрыс деңгейге қою, ең бастысы баланың қауіпсіздігіне дұрыс қарай білуге бағытталған оқу жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен, баланың тағдырына тікелей жауапты қызметкерлердің әлеуметтік жағдайлары да мәз емес. Олардың айлықтары шайлығына жетпейтінін білім басқармасы біліп отыр.
Тәрбиешінің еңбекақысы 50 000-60 000-нан аспайды. Көмекшінің табысы 35 000 теңгеге де жетпейді. Демек, мәселе түбірімен жан-жақты шешілуі тиіс. Әйтпесе,бауыр еті балаңызды беретін мекеме - балабақша емес, бәлебақша-ға айналуы әбден мүмкін.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ