Ақмола облысының Державин қаласында ескі көпқабатты үйлер қалпына келтірілуде. Қазір 75 пәтерлі баспанада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғын үйлер көп жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Сондай-ақ, жұмысқа келген жас мамандарға да пәтер қарастырылған.
Бұрын бұл жерде жабық әскери қалашық болған. Кейін 90 жылдары әскери бөлім жабылып, қызметкерлер пәтерлерін тастап кеткен. Содан бері бұл баспаналар қаңғырап бос тұр. Ал 2008 жылдан бері Державинск қаласында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында бұл баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Содан бері тұрғын үйлер жанға толып, пәтерлерден балалардың үні шыға бастады.
Бір кездері державин кенті 15 000 тұрғыны бар ауқатты моно қалалардың қатарында болды. Қаз-қатар салынған көпқабатты үйлер сонау 1970 жылдары тұрғызылған. Қазір қаңқасы ғана қалған. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары барысында алдымен ғимаратқа сараптама жасалып, жарамдылығы анықталады. Оң шешім болса, құрылысшылар кіреберіс есіктен бастап, шатырға дейін толық жөндейді.
Бауыржан Жамалиев, аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Үйдің ішкі жұмыстары бітіруде. Қазіргі жұмыс суық өткізбеу үшін жылу қаптамамен қапталып жатыр. Сыртынан металлосайдинг дейтін темір қаптамамен жауып жатырмыз. Келісім бойынша қараша айында осы жыл бітіреді. Бірақ ертерек бітірейін деп жатырмыз.
Бір үйді жөндеу үшін шамамен 300 миллион теңге жұмсалады. Бұл жаңа баспана салуға қарағанда әлдеқайда арзан. Тұрғындарға коммуналдық пәтерлер жалға беріледі. Ай сайынғы төлем 3-4 000 теңге шамасында.
Жастар шағын ауданын толықтай қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта тағы да 6 үйге жөндеу жасауға болады деген байламға келдік. Инженерлік желілер тартылған. 2018 жылы қала бойынша кәріз жүйесі жөнделді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Осы уақытқа дейін 5 тұрғын үй жөнделіп, қолданысқа берілді. Лариса Наговицына – төрт баланың анасы. Жақында кезегі келіп, баспаналы болды.
Лариса Наговицына, қала тұрғыны:
Мен 5 жарым, алты жылдай кезекте тұрдым. Осы жылы мамыр айында 3 бөлмелі пәтер алдым. Үйлердің салынып жатқанына қуаныштымын. Өйткені, адамдарға тұратын жер болады.
Қазір Державинск қаласында 538 адам баспана кезегінде тұр. Жөнделген пәтерлер көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға, сондай-ақ, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне беріледі. Жоспар бойынша, келесі жылы тағы бір тұрғын үй қалыпқа келтірілмек.
Ермек ЕЛБЕРГЕН