Елордада орман және дала өртіне қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада орман және дала өртіне қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

22.05.2019

Жыл басынан бері елорда аумағында 74 рет құрғақ шөптің өртеу дерегі тіркелген. Жалпы ауданы 17 мың гектардан асады. Барлығында дерлік оттың шығуына адамдар кінәлі. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Осындай жағдайларға сақадай сай болу үшін Төтенше жағдайлар департаменті тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырды. Оған тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы да қатысып келді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Елорда сыртындағы «Жасыл белдеу». Сөндірілмеген темекі тұқылынан ашық алаңқайда өрт басталды. Оқу-жаттығу жұмыстарының жоспары осындай.

Өрт лаулап жанып, орманға қарай жақындап келе жатыр. Құтқару қызметтері толық хабарландырылды. Оқиға орнына осы жерге қызмет көрсететін «Астана су арнасы», «Зеленстрой» және «Астана орманы» техникалары келді. Олар құтқарушылар келгенге дейін өрттің жайылмауын қамтамасыз етіп тұрады.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Құтқарушылардың өрт алаңына жету уақыты нақтыланған. Қалалық жерлерде хабар түскеннен кейін 10 минуттың ішінде, ауылды жерлерде 20 минутта өрт сөндірушілер жету керек. Бүгінгі жаттығу қаладан алыс емес. Сондықтан тез әрекет етуіміз керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Хабар түскеннен кейін өрт сөндіру қызметі тура 7 минуттан кейін келді. Енді өрт солардың күшімен ауыздықталмақ.

Марғұлан Аманбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы:

- Өрт болған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымы, «Астана орманы» және «Жасыл белдеу», басқа да құрылымдар өртті сөндіру жұмыстарын атқарады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Шартты түрдегі өрттің үлкен аумаққа жайылып кетуіне байланысты келген өрт сөндірушілері оны бірден, лезде өшіріп үлгермей жатыр. Сондықтан тікұшақ көтерілді. Ол қазір үлкен көлемдегі өрттің тура ошағына келіп, бір-ақ құяды.

Міне өрт толығымен өшірілді. Сағат тура 11:30. Яғни, құтқарушылар «Жасыл белдеудегі» өртті өшіруге тура 30 минут уақытын жұмсаған екен. Тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары басшылық тарапынан өте жақсы деген бағаға ие болды.

Хабарламаларға жазылу