ШҚО-да көктемгі егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да көктемгі егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр

22.05.2019

Биыл облыста 1 миллион 400 мың гектар жерге егін егілмек. Өткен жылмен салыстырғанда диқандар игеретін алқаптар көлемі биыл 82 мың гектарға көбейген. Көкпекті ауданындағы шаруалардың дені көктемгі дала жұмыстарын жаңа техниканың арқасында ерте аяқтауды жоспарлап отыр.

Көкпекті ауданында көктемгі егіс науқаны жуырда басталды. Биыл шаруалар барлығы 160 мың гектар жерге егін салмақ. Диқандар негізінен күнбағыс, бидай және арпа өсіреді.

Юрий Виничук, шаруа қожалығының басшысы:

- Егін шаруашылығымен әкем, үлкен ағам және мен айналысамыз. Бізде барлығы 6 мың гектар жер бар. Жыл сайын соның 5 мыңына бидай саламыз, ал қалған жер демалады. Биыл егін науқаны жақсы басталды, топырақтың ылғалдылығы жетіп тұр.

Аудандағы диқандар үшін биыл арзандатылған бағамен 4 мың тоннаға жуық дизель отыны берілді. Себуге арналған дәнді және майлы дақылдар арнайы зертханада тексеруден өткен. Сапалы тұқым – мол өнім жинаудың кепілі.

Берік Көшербай, тілші:

- Көкпектідегі шаруалар машина-трактор паркін жаңалауға да көп көңіл бөледі. Мәселен, тек соңғы 3 жылда ауданға 235 осындай ауылшаруашылық техникасы әкелінген. Оларды сатып алу үшін барлығы 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Көкпекті өңірінде кезінде 16 мың гектардан астам суармалы жер болған. Бүгінде олардың 33 проценті ғана суарылады. Өйткені су ағатын каналдар әбден ескіріп кеткен. Соңғы екі жылда осы су жүйлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Дәурен Бақытжанұлы, аудан әкімінің орынбасары:

- Биыл бізде Ақтоған, Ворошилов және Кіші Бөкен каналдарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді оларды қосқанда суармалы жерлеріміз 8-9 мың гектарға ұлғаяды.

Көктемнің әр күні жылға азық. Осыны жете түсінген Шығыстағы шаруалар ауа райының қолайлы сәтін пайдалануға асық.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу