Қызылордада жеке кәсіпкер өз иелігіндегі жерді пайдалана алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жеке кәсіпкер өз иелігіндегі жерді пайдалана алмай жүр

13.05.2019

Қызылордада жер дауы ушығып тұр. Қала тұрғыны, жеке кәсіпкер Айнұр Қожагелдиева  өз иелігіндегі жерді пайдалана алмай сенделіп жүр. Қолындағы құжаттарының барлығы заңды. Бірақ, жергілікті әкімшілік ол жерге құрылыс жүргізуге  рұқсат бермей отыр. Мәселенің мән жайын сол өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызы тарқатсын.

Айнұр Қожагелдиева жолдасы екеуі сауда-саттықпен айналысады. Кәсіптерін кеңейту үшін былтыр осы жерді сатып алды. Құжаттарын заңдастырды, құрылыс жүргізуге рұқсат алды.  Учаскені қоршады. 

Айнұр Қожагелдиева, кәсіпкер:

Экспертизам бар, қолымда ГАСК-ден де қағаз бар. Құжаттарымны бәрі қолымда тұр. Заңды бәрі. Енді салуға дайындап қаншама материалдар пайданалып, қанша адам жалдап қоршаған жерді, бір түнде келіп алып тастады.

Онан бері үш ай өтті.  Құрылыс әлі  бастаған жоқ.  Сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімінен  қысым жасалған, сондықтан Айнұр  кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды. Қалалық әкімдік  мамандарының айтуынша,  ол жерге құрылыс жүргізуге болмайды.

Жақсылық Ержанов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бұл кісіге біз түсіндіріп айттық. Балалар алаңы бар, сниптері бар, ережелері бар, белгіленген. Мына жерде газ өтіп жатыр, оны ауыстыруға келмейді. Сондықтан ол газ апайдың жерінің үстіне кіріп тұр. Бір бұрышы.

Бірақ, заңгерлер мұнымен келіспейді. Құжаттар бойынша ешқандай кедергі жоқ. Кәсіпкердікі заңды.

Салауат Құлмахан, кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары:

Газ құрылысы себеп болмайды құбыр өтуіне байланысты. Себебі, ол жекеге тартылып отыр. Мемлекеттік мекеме емес өтіп жатқан. Сол себепті ол жерде кәсіпкерге қызмет жасауға, құрылысын бастауға кедергі жоқ деп есептеймін.

Кәсіпкерлерге қысым жасау өңірде  тыйылар емес. Оған тағы бір мысал,  Қармақшы ауданы  үшінші Интернационал ауылының учаскелік полиция инспекторы  серіктестік басшысына зәбір көрсеткен.    Шаруашылықтағы техникалардың жүруіне тиым салып, шөп жеткізіп беруді талап еткен. Қазір  полиция қызметкерінің әрекетіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Болат Нұрқожаев, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы:

15 отырыс өткізілді, онда 30 мәселедей қаралып, кәсіпкерлердің 1 миллиард 700 мыңдай мүліктік , қаржылай және жер құқықтары қорғалды. Біз соңғы бір жылдың өзінде 4 отырыс өткіздік, онда да 8 мәселе қаралды. Көпшілігі  жерге байланысты, кәсіпкерлердің құқықтарын шектеуге байланысты. 

Кеңесте қаралған шағым қараусыз қалмайды. Себебі мемлекет бизнесті қолдауға о баста ерекше ден қойған. Ал кәсіпкердің жұмысына тұсау салатындар билікке қарсы жұмыс істеп отыр. Демек олар  тиісті жазасын алады-дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғаушылар.  

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу