Сұрапыл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады. Ұлы Отан соғысына 1 млн. 200 мың қазақстандық қатысып, олардың жартысы ғана Отанына оралды. Жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп барады. Бүгінде еліміз бойынша небәрі 1425-сі қалған. Көзі тірі ардагерлер де замандастарының азайып, жалғызсырап қалғандарын айтады.
Жыл өткен сайын ардагерлеріміз азайып барады. Былтыр Ұлы жеңіс мерекесінде болған қарт майдангердің біразы бүгінде арамызда жоқ. 2018 жылы елімізде 2 мыңнан астам ардагер болса, қазір мың жарымдай ғана. Бір жылда 600-ден астам ардагер өмірден озған.
Мұқан ата аулаға шықса болды, бар бала оны қоршап алады. Сарбаздай сап түзеп тұра қалады. Сөйтеді де, сауалды қарша боратады. Сұм соғыстың сұмдығын білгілері келеді. 96 жастағы қарт майдангердің ермегі де – осы балалар. Себебі, олармен тілдесіп, жабырқаған жаны жадырап қалады.
Ал, бұл – Мұқан атаның үзеңгілесі Жүнісбек Каримов. 18 жасында қолына қару алып, қан майданға аттанды. Толарсақтан қан кешті. Отанын қорғады. Жеңіспен елге оралды. Ерекше сый-құрметке ие болды. Мемлекеттің қазіргі қамқорлығына дән риза. Тек, бір «әттеген-айы...»
Жүнісбек Каримов, соғыс ардагері:
Танитын кісің, араласатын жолдасың жоқ. Жан-жағыңа қарап отырасың жетім бала құсап, кім не айтады деп.
Бүгінде Нұр-Сұлтанда 71 ардагер тұрады. Былтыр 95 болатын. 2018 жылдың дерегіне сүйенсек, Отан үшін от кешкен ержүрек жауынгерлердің дені Алматыны мекендеген. 387 адам. Ал, ең азы – Маңғыстау облысында екен. Небәрі 29 ардагер. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіштер жыл санап кеміп барады.
Иә, бізге бейбіт күнді сыйлаған осы кісілер. Демек, қарттарға құрмет көрсету, ардагерлерді аялау - баршамыздың басты міндетіміз.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ