Шекара шебін күзеткен қырағы сарбаздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара шебін күзеткен қырағы сарбаздар

07.05.2019

Ел егемендігі мемлекеттік шекарадан басталады. Қазақстан Республикасы шекарасының жалпы ұзындығы 13 394 шақырым. Соның 7,5 мың шақырымы Ресеймен шектеседі. Осы аумақтың белгілі бір бөлігін Қостанай облысындағы 16 заставаның жауынгерлері қорғап тұр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Біз қазір биіктігі 17 метр болатын «Обаған» шекара заставасының қарауыл мұнарасында тұрмыз. Бұл жерден бәрі алақандағыдай көрінеді. Мына алдымыздағы ағаштардың арғы жағынан Ресей жері басталады. Осы аумақтағы 45 шақырымдық шекара бойын «Обаған» заставасының жауынгерлері күзетеді.

Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылы Ресейдің Қорған облысымен шектесетін шекараның дәл түбінде. 8 жыл бұрын застава ашылғанда оған осы елді мекеннің атауы беріліпті. Әскерилер мұнда отбасыларымен тұрады. Жайлы тұрмысқа қажеттің бәрімен қамтылған. Қару-жарақ, техника сайлы. Сардарларды былай қойғанда қатардағы жауынгерлердің өзі ұзақ жылдық тәжірибесі бар, келісімшартпен қызмет етіп жүргендер. Сондықтан міндеттерін атқару барысында мүлт кеткен кездері жоқ.

Ахметқали Нұрғали, застава бастығының міндетін уақытша атқарушы:

- Қазақстанға кіруге рұқсаты жоқ адамдар, Қазақстаннан шығуға рұқсаты жоқ адамдардан болады. Көбінесе бұзылатыны көктем, күз кезінде. Бірақ мемлекеттік шекарадан бірді-біреуі заңсыз өте алмайды. Біз бәрінің де дер кезінде ізіне түсіп, ұстадық.

Түсірілім барысында кенет дабыл қағылды. Жергілікті тұрғыннан жол сұрап, шекара жаққа бет алған күдікті жайлы ақпарат жетіпті. Шекарашылар жедел жиналып, күдіктінің ізіне түсті.

Әрине, бұл кезекті жаттығу болатын. Алайда Сандра есімді неміс овчаркасының шынайы өмірде де шекара бұзушының ізіне түскен сәттері аз емес. Сондай оқиғаның бірі биыл қаңтар айында болыпты.

Дархан Молдашев, шекарашы – кинолог:

- Қыс мезгілі. Қардың қалыңдығы - 1-1,5 метр. Шекара бұзушы шекараны түнгі сағат 01:00-де кесіп өтті. Сол шекара бұзушының ізіне осы ит арқылы түсіп, ұстадық.

Яғни, тас қараңғы түнде иісшіл иттің көмегінсіз күдіктіні дәл үстінен түсіп жылдам табу мүмкін емес. Он жылдан бері міндетін мүлтіксіз атқарып келе жатқан Сандраны сарбаздар нағыз әскери дос санайды. Ел шебін күзеткен жауынгерлер 24 сағат қырағылығын жоғалтпайды. Себебі олар қандай қатер төнсе де мелмекеттік шекараның тұтастығын қорғауға ант еткен.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу