Маңғыстау тұрғыны өз үйі мен ауласын мұражайға айналдырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау тұрғыны өз үйі мен ауласын мұражайға айналдырған

06.05.2019

Маңғыстаудың Теңге ауылында темірден түйін түйетін қолөнерші тұрады. Талғат Уәлиевтің ауласын көрген жұрт аузы ашылып, ерекше мүсіндерге таң-тамаша болады.

Үйдің шатыры, қақпасы, жасыл желектің шарбағы, орындық - осылардың барлығы Талғаттың өз қолынан шыққан. «Мұның бәрі тұрмыстық қажеттіліктен туған»,-дейді. Бұған қоса, темір мен тасты қашап, аң-құстың мүсінін жасайды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- Мына жылқы бір қарағанда тірі жануарға ұқсайды. Бірақ бұл - мүсін. Бұл - Талғаттың ең үздік шыққан туындыларының бірі. Ол оны 1 жыл бойы құрастырған. Ол үшін 11251 дана мынадай темір сақина пайдаланды.

Шебердің үйі мұражайға ұқсайды. Мұнда кәдесыйларды айтпағанда, Елтаңбадан бастап, Қазақстанның картасы, Париждегі Эйфель мұнарасы, футболшының аяқ киімі бірден көзге түседі. Ал, түрлі құстар ауланың сәнін келтіріп тұр. Шебердің осындай 50 шақты туындысы бар.

Жастайынан бейнелеу өнеріне құмар Талғат сүйікті ісімен жұмыстан бос уақытында айналысады. Еңбекқор жігіт ойға алған ісін аяқтағанша тыным таппайды.

Талғат Уәлиев, Теңге ауылының тұрғыны:

- Қазір мен орындық жасап жатырмын. Үйімнің адамдары шығып отыратын. Темірлерді базардан сатып аламын. Соларды құрастырып, осындай өзіме керекті дүниелерді жасап шығарамын.

Шебер сүйікті ісін одан әрі жетілдіруді мақсат етеді. «Алтын адам», батырлардың сауыт-саймандарын жасауды армандайды. Темірден көлік құрастырсам деген ойы бар. Ал, ескерткіштер мен кәдесыйларға сұраныс көбейсе, қосымша кәсіпке айналдыру да жоспарда бар.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу