Қызылорда қаласындағы кәріздік-насостық станциялардың тең жартысы апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласындағы кәріздік-насостық станциялардың тең жартысы апатты жағдайда тұр

03.05.2019

54 насостың 23-і қалт-құлт етіп әрең жұмыс істейді. Соның салдарынан қаладағы экологиялық ахуал ушығып тұр. Тұрғындар қолаңса иіске тұншығып отырғандарын айтады. Экологтардың өз айтары бар. Ал жергілікті билік не дейді? Мәселенің мән-жайын өңірден Ақерке Берікбекқызы айтып берсін.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Саяхат мөлтек ауданының дәл ортасындағы мына көлшіктің пайда болғанына 10 жылдан асқан. Қолаңса иіс қолқаны қабады. Қасында бір минут та тұра алмайсың, тыныс алу мүмкін емес. Ал, осы аймақтың тұрғындары бұл жерден көше алмайды. Амалсыздан сасық иіске тұншығып өмір сүріп жатыр.

Күн жылынған сайын мәселе тіпті ушыға түседі. Көл буланып, құрт-құмырсқа өреді.

Баян Шаймерденова, қала тұрғыны:

- Көшіп келгеніме 12 жыл болды. Содан бері есік-терезелерімізді аша алмаймыз, мүмкіншілік жоқ..

Қарлығаш Бақытбекқызы, қала тұрғыны: 

- Осы көлдің әсерінен балаларымыз аурушаң болып, мына инфекциялық ауруханадан шықпаймыз.

Тұрғындардың сөзін экологтар да растайды. Саяхат мөлтек ауданында сасық көлдерден бөлек өндіріс орындары да көп. Ол да экологияға кері әсерін тигізіп отыр.

Мәселеден жергілікті билік те хабардар. Тек оны шешу үшін алдымен көше салынуы тиіс.

Жақсылық Төлегенов, қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Облыстық бюджеттен биылғы жылы 310 млн теңге қарастырылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жақтың көшелері сай болып келеді. Соған байланысты жаңбырдың сулары жиналады, енді ол көшенің түсу бағытына қарай бұл көлдер де жабылатын болады.

Қаланың басқа бөлігінде де осы тектес проблема бар. Титов және Белкөл кентінің тұрғындары шыр-пыр болады. Өйткені жеке тұрғын үйлердегі кәріздік құдықтың лас суын ассенизатор машиналар кез келген жерге төгіп жатыр. Ал кәріздік насостық станциялар ескірген.

Аудандардағы жағдай да мәз емес. Сондықтан облыста экологиялық хаб құру жоспарланып отыр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу