Жезқазғанда 24 үй апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда 24 үй апатты жағдайда тұр

08.01.2019

Жезқазған жұрты үйлерін жөндеп беруді талап етіп отыр. Қазір бұл қалада 24 үй апатты жағдайда. Олардың жартысы комиссия тексерісінен кейін тұруға мүлдем жарамсыз деп танылған. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ескі үйлердің іргетасы сөгіліп, қабырғасы жарылып кеткен. Тұрғындар техникалық сараптама жүргізуді талап етіп, тиісті мекемелерге сан мәрте хат жазған екен.

Жезқазған қаласының Анарқұлов көшесіндегі мына бес қабатты тұрғын үй осыдан тура 50 жыл бұрын салынған. Тұрғындар қазір оның апатты жағдайда екенін айтып, дабыл қағуда. Алаңдаулы жұрт жыл өткен сайын қабырғасы қисая түскен үйдің жертөлесіне тіреу орнатып қойған.

Надежда Ростовщикова, пәтер иеленушілер кооперативінің төрайымы:

- Егер тұрғындар үй апатты десе, міндетті түрде тексерген абзал деп есептеймін. Қабырғаның ажырап жатқанын анықтайтын арнайы құрылғы орнату керек. Әсіресе, 4-ші және 5-ші подъездерге. Сонда белгілі болады.

Осы үйде тұратын Галина Блашкевич те базынасын айтып, талай табалдырықты тоздырыпты. Әзірге сөзіне құлақ асар ешкім жоқ. Оның айтуынша, үйге жапсарлас салынған дәл мына дүкен қабырғаны қисайтып жатыр екен. Сондықтан, тездетіп техникалық сараптама жасауды сұрайды.

Галина Блашкевич, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Қабырғаға түскен қысымға шыдамай, тереземіз шытынап, сынып кетті. Біз оны 17 мыңға өз күшімізбен ауыстырдық. Бірақ, әйнегіміз екінші рет тағы сынды. Сондықтан, үйді толық тексергенін қалаймыз. Ол өтінішімді айтып, бармаған жерім жоқ. Талай құзырлы мекемелерге хат та жаздым. Бірақ, нәтижесіз.

Жергілікті атқарушы билік бұл жайдан хабардар. «Үй апатты емес, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», дейді олар. Ал, оны құжат жүзінде  дәлелдеу үшін техникалық сараптама жасалмақ. Биыл ол үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Енді ол жұмысты атқаратын компаниялар арасында тендер жарияланбақ.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Тұрғын үй апатты деп есептелсе, онда тұрғындарға жаңадан үй беруге немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты жұмыстар атқарылады. Жергілікті атқарушы орган сол үйдің тұрғынының өтініші бойынша, үйге техникалық зерттеу жасаған, төтенше жағдай мамандарымен бірге барып қараған.

Жезқазған қаласында барлығы 24 апатты үй тіркелген. Соның 5-і жөндеуге мүлдем жарамайды. Онда 300-ге жуық тұрғын тұрып жатыр. Оларды өзге баспанаға көшіру үшін шамамен 3,5 - 4 миллиард теңге қаражат керек. Ал, өкінішке қарай, қазынада ондай ақша жоқ.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу