Қазақстаннан тарихи отанына оралған немістер жусанның иісін аңсап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстаннан тарихи отанына оралған немістер жусанның иісін аңсап жүр

01.05.2019

Германия – тарихи Отаным, ал Қазақстан – туған Отан-Анам. Қоныс аударғандарына ұзақ уақыт өтсе де, немістер туған өлкесін бір мезет естен шығармаған. Елге үнемі құлағын тосып, бүйрегін бұрып тұрады. Гаукс Вальтер - солардың бірі. Ол өскен өңірі туралы зор толғаныспен айтып берді.

Гаукс Вальтер – қазақ топырағында туған неміс. Балқаш қаласынан 12 шақырым жердегі Қоңырат ауылының тумасы. Ата-анасы да осында дүниеге келген. Бұлардың ата-әжесі Сталиндік қуғын-сүргінде елімізге жер аударылады. Содан табысып, отбасын құрыпты. Барлығы мына баспанада тұрған. Ал, 1996 жылы тарихи отанына қоныс аударыпты.

Гаукс Вальтер, Германияның қоғамдық-саяси қайраткері:

- Бастапқыда бөлу лагерьлеріне орналастырды. Ол кезде Кеңес Одағынан неміс көп болатын. Бірақ Қазақстаннан келгендер қатары қалың еді. Кейін мен 2001 жылы Берлинге көшіп кеттім.

Қазір Гаукс ТМД-дан шыққан немістердің федералды жастар ұйымын басқарады. Әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша жұмыс істейді. Туған даласына араға 18 жыл салып келіп отыр. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына шақырылды.

Гаукс Вальтер, Германияның қоғамдық-саяси қайраткері:

- Басында елден көшкен кезімізде үйренісу қиын болды. Жиі-жиі келіп тұрдық. Ата-анам бірнеше рет көлікпен де келіп кеткен. Бір сапарымда маған достарым орамалға туған жерімнің топырағын түйіп беріп жіберді. Біразға дейін сақтадым. Сосын жоғалтып алдым. Бірақ енді қалағанымша топырақты да, жусанды да алып кетемін. Айтпақшы қарындасым да құрт алып келуімді нықтап тапсырған.

Тек Гаукс емес, қазақтың кең пейілі мен ен даласына аңсары ауып, мауқын баса алмай жүрген неміс көп. Олар мұндайда көңілдегі сағынышын көпшілікке интернет арқылы жолдайды.

Осылайша тарихи отаны Қазақстан мен кеңпейіл қазақ халқына деген ықыласы мен сағынышын баса алмай жүрген неміс ұлтының өкілі көп Германияда. Солардың бірі Гаукс Вальтер де алыста тұрғанымен бала күнінен балық аулап, бірге өскен достарына асығып тұрады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу