Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ақөре ауылының тұрғындары құдық суын ішіп отыр. Елді мекен тәуелсіздік жылдары ауызсуға қатысты мемлекеттік бағдарламаның біріне де ілікпеген. Бұл ауылға қатынау да қиын. Себебі аудан орталығына барар күрежолға жалғайтын 13 шақырым грейдердің ой-шұңқыры шығып жатыр. Жазда жаңбырдан езіліп, ал қыста қар алатындықтан тұрғындарды әбден мезі қылған. Жергілікті жұрттың жанайқайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы тыңдап қайтты.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Ақөре ауылында 90-шы жылдардың басында орталықтандырылған ауызсу жүйесі істен шыққан. Жұрт өз күшімен бірнеше жерден мынадай скважиналарды өз күштерімен қазып алған еді. Соңғысы 22 жылдан кейін жұмыс істемей қалған. Содан бері ауылда ауызсу мәселесі тіпті күрделеніп кетті.
500-ге тарта тұрғыны бар ауылдың күні мына құдыққа қарап отыр. Осыдан мал да, жан да су ішеді. Тереңдігі 10 метрден аспайды. Суы шаруашылыққа болмаса ішуге жарамайды. Маңайдағы ең жақын бұлақ 7 шақырым жерде. Ал скважина қаздырайын десе, құбырдың әр метрін ұңғылау үшін 18 мың теңге төлеу керек. Ішуге жарамды таза су кем дегенде 40 метрден шығады. Мұндай шығынды жұрттың қалтасы көтермейді.
Исанбай Сәдуов, ауыл тұрғыны:
- Техникалық су дейді. Малға ғана ішуге жарайды деп. Біз соны ішіп, қанағат тұтып отырмыз. Жастардың болашағы қалай болады? Оны да ескеру керек қой.
Ғабидолла Байділдинов, ауыл тұрғыны:
- Су жоқ. Ауыл тұрғындары судың кесірінен ауруларға шалдығады. Ота жасатқандар бар. Шамасы келгендер алыстан тасиды. Жол болмаса, ол да жоқ.
Ауылдағы енді бір түйткілді мәселе - жолдың нашарлығы. Ауданға апарар күрежолға қосар 13 шақырым грейдердің ой-шұңқыры шығып жатыр. Биыл көктемде қызыл судан бойындағы суағарлардың да сау-тамтығы қалмаған. Опырылған шұңқырға түнде жүрген көліктер түсіп кетуі әбден мүмкін.
Әбіш Дәрменбаев, ауыл тұрғыны:
- Жолдан бейнет көріп отырмыз. Қыста қардан шыға алмай жатамыз. Ауру кісілер болады, шал-кемпірлер, жастар. Жазда жауыннан мына жер езіліп кетеді.
Тайлы-таяғы қалмай жиналған жұрт жергілікті билікке базынасын айтты. Аудандық әкімдік болса жолды асфальттауға қаражат тапшы болғандықтан, биылдыққа бөлінген 7 миллион теңгеге грейдерді тек тегістеумен шектелмек.
Сапар Сатаев, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы мамыр айында ол жолды жөндеуге кірісеміз. Ол жерде су өткізетін екі жерде құбырлар бар. Соларды жөндейміз. Сосын үстіне орташа жөндеу өткіземіз. Су мәселесі бойынша биылғы жылы жобалық-сметалық құжатын бастасақ, 2020 жылы бірінші жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Ауылға орталықтанған су жүйесін тарту үшін 120 миллион теңге қаражат қажет. Ал, жолды асфальттауға кемінде 200 миллион теңге бөлінуі тиіс.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ