Ақмола облысында бидай тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында бидай тапшы

30.04.2019

Ақмола облысындағы ұн шығаратын кәсіпорындар шикізатқа зәру. Басты себеп - бидай сыртқа көп саудаланып жатыр. Мәселен, аграрлы Ақмоладан шамамен жылына 2 миллион тонна астық экспортталады. Өңірдегі өңдеуші кәсіпорындар болса, 3-4 ай ғана, шала-жансар жұмыс істеуге мәжбүр. Тақырыпты Ермек Елберген тарқатады.

«Лимар-Агро» серіктестігі қаңтардан бері тоқтап тұр. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап 4-ақ ай жұмыс істеді. Оның өзі 40 пайыз жүктемемен ғана. Қазір 30-ға жуық адам жұмыссыз, үйлерінде отыр. Атбасардағы барлық 12 диірмендегі жағдай осындай.

Лечо Зарахметов, кәсіпкер:

- Шикізат жоқ. Сіз сенесіз бе? Өзіміз бидай өсіріп отырып, өзімізде астық жоқ. Күзде басым бөлігі шетелге сатылып кетеді. Бидайды табуға болады, бірақ бағасы қымбат. Нәтижесінде ұнның өзіндік құны өседі, біз сыртқы нарықта бәсекеге кәбілетсіз боламыз.

Ақмола аймағында өсетін бидайдың сапасы жоғары. Сондықтан шетелден ұнға сұраныс жақсы. Алайда, соңғы жылдары Өзбекстан мен Тәжікстан Қазақстаннан ұнды емес, бидайды сатып алғанды жөн көреді. Ол үшін барлық амалды қолданып бағуда.

Дин-Магомед Асаев, Атбасар аудандық ұн шығарушылар ассоциациясының төрағасы:

- Қазір барлық кәсіпорындар тоқтап тұр. Жұмыс орындары жабылуда. Осылай жалғаса берсе, ұн өнеркәсібі мүлдем құлдырайды. Мемлекет бұл мәселеге көңіл бөлу керек. Қазір Өзбекстан бізден баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастады. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосты. Ұн шығаратын кәсіпорындар салды. Сондықтан шикізат шетелге сатылуда.

Трейдерлер де жағдайды қиындатуда. Алып-сату арқылы табыс табатындар күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетел асыруда. Бізден ұн сатып алғысы келетін мемлекеттер аз емес. Біріккен Араб Әмірліктері, Еуропа елдері, тіпті, Мәскеумен де келісімшарттар бар. Алайда, өндірістің тұрақты болмауынан кәсіпкерлер шетелдік нарықты жоғалып алуы мүмкін. «Ал, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері астық жеткілікті. Жағдай нарық талабына сай», - дейді.

Ақпар Мәуленов, АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Қазіргі күнде Қазақстанда 9 миллион 200 тоннадай астық бар. Біздің еліміздің, оның Ақмола облысының диірмендерін астықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ешқандай қауіп жоқ. Астық жеткілікті. Бірақ қазір күнде біздің диірмендердің жүктемесі шамамен 42 пайыз, оның ішінде Ақмола облысында диірмендердің жүктемесі 30 пайыз шамасында.

Еліміз ұнның басым бөлігін Ауғанстан мен Өзбекстанға сатады. Ал, Ташкент соңғы жылдары ұн өндірісін дамытуды қолға алған. Шикізаты - біздің бидай. Олар ішкі нарықты қамтып, Ауғанстанға да өнім шығаруды көздейді. «Жақын арада отандық экспорттаушы кәсіпорындар шетелдегі сатып алушыларын жоғалтуы әбден мүмкін. Бұл өндірістің құлдырауына әкеледі», - дейді кәсіпкерлер. Сондықтан олар мемлекеттің осы мәселеге көңіл бөлгенін сұрайды.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу