Алматы облысында балық шаруашылығы жанданып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында балық шаруашылығы жанданып келеді

26.04.2019

Алматы облысының Панфилов ауданындағы балық шаруашылығы биыл тұңғыш рет бекіреден уылдырық өндіріп, нарыққа шығармақ. Мамандар жасанды тоғандарда өскен бақтақ пен бекірені өз уылдырығы есебенін көбейтіп жатыр. Биыл кәсіпорын 250 мың шабақ шығарды.

Шаруашылық биыл инкубаторға 300 мың уылдырық салды. 250 мыңы жетіліп, шабаққа айналды. Осы уақытқа дейін уылдырықты шет елден әкеліп жүрді. Ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, балық санын өз күштерімен көбейтуге кірісті.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бақтақ деген балық - осы. Салмағы шамамен 3,5 кг. Бұл балық биыл 2,5-3 мыңдай уылдырық берген.

Бақтақты кейде патша балығы дейді. Негізінен тау өзендерінде мекендейді. Шаруашылықта қазір екі түрі өсіріліп жатыр. Былтыр балық азығы мемлекет тарапынан субсидияланды. Балық өсірушілер биыл да көмек болады деген үмітте.

Ильшат Насыров, балық өсіруші:

- Балықтың жемін шет елден алдыртамыз. Себебі отандық азықтың сапасы төмен. Өткен жылы мемлекет қаржылай көмек көрсетті. Биыл да осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Бекіре тұқымдас балық та Жетісуға жерсініп қалды. Биыл алғаш рет одан қара уылдырық алынбақ. Сондай-ақ, балық өңдейтін цех салып, дайын өнім өндіру де жоспарланып отыр.

Ал келер жылы шаруашылық балықтың басқа түрлерін де көбейтуді көздеп отыр. Бірінші кезекте тұқы тұқымдас балықтар қолға алынбақ.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу