Ақтөбе қаласына қарасты 41-інші разъезд деп аталатын елді мекеннің тұрғындары сасық иіске тұншығып отыр. Кәріз құдығынан атқылаған лас су көшеге жайылған. Тұрғындар мәселені айтып жауапты мекемелерге арызданғанмен, қарекет қылған ешкім жоқ.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Бұл жердегі кәріз құдықтары осылай ашық-шашық қалған. Мәселен, лас су мына құдықтың бетіне дейін толып, көшеге ағып жатыр. Тереңдігін, міне, өлшеп көрдік, 1-1,5 метрден асады. Демек, кішкентай балалар үшін аса қауіпті деген сөз.
Бұл көшемен жайбарақат өту мүмкін емес. Сасық иіс қолқаны қабады. Кәріз құдығынан аққан лас су ой-шұңқырды жағалап, басқа көшелерге де тарап жатыр. Тұрғындар өз беттерінше оны тоқтатпақ болғанмен, еш нәтиже шықпаған.
Светлана Земскова, қала тұрғыны
- Бір айдан бері лас су жолға ағып жатыр. Бұл жермен көліктер мен жаяу адамдар көп өтеді. Мен жауапты мекемелерге арыз жаздым. Әзірге нәтиже жоқ. Бұл құдықтың кімге тиесілі екенін де білмейміз.
Лас су ағып жатқан құдықтың кімге тиесілі екенін коммуналдық мекеме өкілдері де білмейтін болып шықты. Өйткені бұл маңайда бірнеше кәсіпорын орналасқан. Ал, экология департаментінің өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырғандарын айтып сендірді.
Ерболат Қожықов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Жалғыз бұл емес, мұндай жағдайлар болып тұрады. Бұл факт бойынша біз сынама алдық.
Сынаманың қорытындысы 5 күннен кейін ғана белгілі болады. Егер құрамынан зиянды заттар анықталатын болса, кінәлі мекемеге заң талаптарына сай шара қолданылады.
Жақсыбек Кемал