«Өмірімізге қауіп төніп тұр». Атыраудың іргесіндегі Көкарна елді мекенінің тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Себебі, тұрғындардың баспанасы 110 киловаттық жоғары кернеулі электр сымдарына жақын орналасқан. Ал, құзырлы мекеме мамандары болса, мән-жайды енді анықтаймыз деп асығыстық танытар емес.
Негізі аса қуатты тоқ көзінің алып бағаналары талап бойынша үйден 20-25 метр қашықтықта орналасуы керек. Ал мұндағы бағаналар пәтерден таяқ тастам жерде тұр.
Бұл маңдағы 100-ге жуық тұрғынның талабы бір. Төбелерінен тартылған тоқтан құтылсақ дейді. Мұрат Әубәкіровтың мұнда көшіп келгеніне 12 жылдан асты. Содан бері, қамсыз күн кешпедік, қарапайым жұрттың қауіпсіздігіне алаңдаған жан жоқ дейді.
Мұрат Әубәкіров, тұрғын:
Әбден қоныстанып орнығып болғаннан кейін, мына тоқты өткізді. Содан бастап біздер зардап шеге бастадық. Біздің талабымыз мына жоғары вольтты алсын, не болмаса біздің үйді бұзу туралы шешім шығарсын. Өмір бойы мына жерде қорлық көріп отыратын жағдайымыз жоқ.
Көшені бойлай өткен жоғары кернеулі бағаналардан бала-шаға да зәрезап болған. Өйткені, балалар үшін ойын алаңы жоқ, тас жол да төсеусіз қалған. Тоқтың сымдары бастапқыда бірнеше мәрте үзіліп, жұрттың үрейін ұшырған.
Шолпан Салханова, тұрғын:
Тоқ үш-ақ метр үйімнен. Үш рет құлады. Біздің шарбақтың ішіне түсті.
Сания Қарышева, тұрғын:
Жасап жатқан жігіттерге жолыққанымда маған «апа, сіздерге, мынаның астына тұруға болмайды», деп айтты. «Сақ болыңыздар. Шаштарыңыз түседі. Бастарың ауырады» деді.
Жұрт елді мекенге 2004 жылдан бастап қоныстанған. Ал, алып бағаналар 2009 жылы тартылған. Тікелей «Атырау жылу электр станциясынан» келетін тоқтың қуаты 110 кВт. Қауіпсіздігін ойлаған тұрғындар лек-легімен талай табалдырықты тоздырған. Бірақ, нәтиже жоқ. Құзырлы мекеме мамандарының жауабы біреу – жоғары кернеулі бағаналар орнынан қозғалмайды дейді.
Мұрат Иғалиев, облыстық энергетика басқармасының басшысы:
Бірінші кезде анықтап алуымыз керек. Анықталғаннан кейін қазіргі талапқа сай санитарлық зонаның ішіне кіретін тұрғындардың үйі болатын болса, қаншалықты заңды-заңсыз, соның бәрі анықталғаннан кейін, мүмкін көшіру жолдары болар. Бірақ басқа жерге ауыстырылады деп айта алмаймын.
Бала-шағаның қауіпсіздігі үшін алаңдаған тұрғындар іс біржақты болмайынша, арыздануды тоқтатпаймыз деп бекініп отыр. Жергілікті билік бұл мәселені жан-жақты тексеріп, арнайы сараптама тағайындалады деп сендірді.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ