Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қоянды ауылы қоқысқа толып кетті. Күн жылынған сайын иістеніп, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып жатыр. Елді мекен тұрғындары бізге осылай деп шағымданды. Мәселенің анық-қанығына жету үшін тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы Қояндыға арнайы барып қайтты. Рет-ретімен баяндасын.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Халық күл-қоқыстың арасында тұрып жатыр. Бұл сөзді мен тура мағынасында айтып отырмын. Міне, қоқысыңыз, міне, күл. Ал, бұл жаңадан салынған зәулім мектептің түбіндегі жағдай. Тіпті, осы мектептің ауласының өзін көрсеңіз күл-қоқыспен ыбырсып жатыр. Ең сорақысы, міне. Ауылдың ішінде әр аттаған сайын, мынадай иттің өлігіне жолығасыз.
Қар еріген сайын халықтың көңілі мазалы. Балаларды ойнататын таза жер де қалмады деп налиды. Ауылдың ішіндегі жиналған қоқыс бірнеше күн бойы сыртқа шығарылмапты. Тұрғындар ауылда басқа да мәселе шаш етектен екенін айтып шағымданды.
Қабылбек Мизамхан, Қоянды ауылының тұрғыны:
Қар шыққалы қар ерігелі мусор боп жатыр. Көшелерге кірсеңіз машина жүретін жағдай жоқ. Глина езілген. Не көлік, не жаяу адам жүре алмайды.
Мәрия Сәукім, Қоянды ауылының тұрғыны:
Ішінде ит те жатады, мысық та жатады. Әне малдың терісін де көріп жатырсыңдар. Мына жер сасық. Жүруге мүмкіндік жоқ.
Абылай Төңкерұлы, Қоянды ауылының тұрғыны:
Айнала толған қоқыс. Жинамайды. Иттер өліп жатыр әрбір жерде. Қар ерігеннен кейін, күн жылынғанда иттер саси бастайды. Өздеріңіз білесіздер, неше түрлі ауру тарайды.
Ауылдың әр бұрышын аралап, қаптаған қоқыстан көз ашпадық. Тіпті, малдардың өзі жайылымнан емес, қоқыс жәшігінің жанынан азық іздеп жүр.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қалдықтың көбі соншалық сиырымыздың өзі оны жеп үйреніп алды деп күледі тұрғындар. Шындығында күлетін нәрсе емес. Қоқысты қорек қылған қара малдан ертең таза сүт шығатынына да күмән бар.
Халықтың назын жиып жергілікті әкімнің алдына бардық. Ол тұрғындардың өздерінде де кінә бар деп отыр. Осыған дейін қоқыс шығарып келген компаниямен 4 мыңнан астам үйдің 6 жүзі ғана келісім жасасқан. Олардың өзі де ақшасын дұрыс төлемеді дейді. Ал көшеде қаптап жатқан ит пен мысықтың өлексесі жөнінде айтқаны мынау.
Айбек Есеев, Қоянды ауылдық округінің әкімі:
Белгілі құзырлы мекеме бар. Ветеринария бөлімі. Сол кісілер өздерінің мамандарын жіберіп, көздерін жояды. Көздерін жойғанда оқ дәрімен атады. Дәрімен. Ол ит бірден өлмейді. Біраз бір белгілі уақытқа қашып, артынан адам қуып жете алмайды оның. Белгісіз жерлерге барып өледі. Қыс болғандықтан оның беттерін қар жабады. Енді қазір қар кеткеннен кейін ол иттердің өлекселері әр жерден шығып жатыр.
Қазір ветеринария бөлімінің мамандары қайта шақыртылып, өлекселерді жою жұмыстарына кірісті дейді. Ал қоқыс жинаумен бүгіннен бастап, басқа компания айналысып жатқанын жеткізді. Мәселені біз назарда ұстамақпыз.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ