Алматыда былтыр 150-ден астам полицей жұмыстан шығарылған. Сонымен қатар, 1400-ден астам қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қазір қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы қызметкерлерге талапты күшейткен. Осының нәтижесінде, қалада қылмыс азайып, осы уақытқа дейін қордаланып қалған көп істің беті ашылған. Сонымен, биыл қылмыстық көрсеткіш қандай? Тілші материалы.
Қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың айтуынша, биыл қылмыс жасау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мәселен, пәтер ұрлығы – 41,3 пайызға, телефон ұрлығы – 24,8 пайызға төмендеген. Қалта ұрлығы - 2,1 есе, көлік айнасының ұрлығы - 2,4 есе азайған.
Серік Күдебаев, қалалық ішкі істер департаментінің бастығы:
Қылмыстар көшеде, содан кейін мына алкогольдік ішімдіктермен жасалған қылмыс осы үш айдың ішінде азайып отыр. 34 қарақшылық болыпты. Қарақшылықтың ашылуы 95,2 пайыз. Мына ауыр аса ауыр қылмыстар соған бәрі дұрыс болсын деп бүткіл қызметкерлерді күшін салып ашып жатырмыз.
Биыл қалада 49 шұғыл шара жүргізілді. Соның нәтижесінде, 118 қылмыстық топ анықталған. Ал, бүгін «Жолда қабылдау» акциясы аясында полиция қызметкерлері тұрғындардың шағымы мен арыздарын көшеде қабылдауға кірісті.
Өйткені, былтыр әкімшілік полиция басқармасына 40 мыңға жуық сұрақ түскен. Олардың ішінде көші-қон заңнамасын сақтау, автокөліктерді тіркеу, айыппұлдарды төлеу тәртібіне қатысты мәселелер көп.
Жандос Мұратәлиев, қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
Халықты қабылдау біздің полиция департаментінің басшыларымен немесе орынбасарларымен біздің қабылдауымыз аптасына екі рет болса біз қазір халықты күнде қабылдаймыз. Қазір департаменттердің алдында көрдіңіздер фронт-офистар ашылып жатыр. Оның бәрі осы халыққа жақындаудың мәселесі шешіліп жатыр.
Акция мегаполистің халық көп жүретін үш аумағында жүріп жатыр. Шараға биыл жергілікті полиция мен көші-қон қызметі де жұмылдырылған. Өйткені, өткен жылғы «Жолда қабылдау» шарасында жеке куәлікті рәсімдеу, тұрақты тіркеуге тұру сияқты сауалдар жиі қойылған. Айта кетейік, шара ертең де жалғасады.
Аманкелді СЕЙТХАН