Қызылордалықтар жаңа мөлтек ауданға қоныстануға асығар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалықтар жаңа мөлтек ауданға қоныстануға асығар емес

04.04.2019

«Бәйтерек» мөлтек ауданына осы уақытқа дейін небәрі 457 жер үй салынған. Негізі жер телімі 6600 адамға берілген. Ал, шағын ауданның инфрақұрылымына республикалық бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 - Жаңа мөлтек ауданның аумағы - 980 гектар. Жоспар бойынша бұл жерге 36 мың тұрғын қоныстануы керек. Бірақ қазір, көріп тұрғандарыңыздай, салынған үйдің саны санаулы. Және оның барлығында адам тұрмайды.

2016 жылы Қызылорда-Жезқазған трассасы бойына түрен салынды. Ақ сор басып жатқан аумақ игеріліп, 2005 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға жер тегін берілді. Көпшілік қатты қуанды, себебі құр жер емес, барлық инфрақұрылым мәселесі шешілген учаскелер табысталды. Бірақ «Бәйтеректің» қазіргі күйі мәз емес. Тұрғындар сондықтан қоныстануға асығар емес. Жолдасбай ақсақал үйді енді салып жатыр. Көшіп келмей жатып, көп қиындықтарға тап болды.

Жолдасбай Исаев, қала тұрғыны:

 - Жол қатынасы қиын бізде. Үлкен адамдар әрең жетеді. Бұл жерге әлеуметтік нысандар салынбаған. Дүкен де жоқ.

Ал, Бекбол Қайрат екі жылдан бері үйіне кіре алмай жүр. Былтыр бастаған құрылысы әлі аяқталар емес.

Бекбол Қайрат, қала тұрғыны:

- Сусыз жұмыс істемейді. Бір-ақ үйде бар.

Үш жылда 457 үй ғана салынған, бірақ, соның 97-сінде ғана адам тұрады. Енді биыл шілде айына дейін қалғандары баспана салып, осында көшіп келмесе, жер мемлекет меншігіне қайтарылады.

Ал, мектеп, балабақша, емхана мәселесі жұрт толық қоныстанған соң шешіледі. Жоспар бойынша 8 мектеп, 6 балабақша, 1 емхана, диагностикалық аурухана мен орталық, мәдениет үйі, стадион, бәрі болады.

Жақсылық Ержанов, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Салынатын барлық құрылыс нысандарының барлық жобалық-сметалық құжаттары дайындалған, жобалары дайын. Әлеуметтік нысандар егжей-тегжейлі жоспарлау кестесіне сәйкес жүргізіледі.

Тек енді иесі бар жер игерілуі керек. Миллиардтаған қаржы жұмсалып істелген инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер де талан-таражға түсіп жатыр. Үш жылда 2 мың метрге жуық су, электр, газ құбыры ұрланған. Мемлекетке 6 миллион 686 мың теңге шығын келді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу