«Ақжүніс» республикалық аналар қоғамының Маңғыстаудағы өкілдігі ұйымдастырған қайырымдылық шараға жергілікті құрылыс компаниясы демеушілік жасаған.
Қайырымды жандар бұл отбасының ауыр тұрмысын ескерген. Себебі Нысановтар әулеті 5 жыл бойы өндірістік базада аядай ғана бөлмені жалдап тұрды. Сол жерде 6 баламен қыста тоңып, жазда бүрге мен кенеге таланып, келді. Оған қоса, отағасы мен бір қызы мүгедек. Отбасы тек жәрдемақымен күнелтіп келген. Ал үй кезегінде тұрғандарына 16 жыл болыпты. Тағдыр тауқыметін тартқан жандар жаңа шаңыраққа кіргенде қуаныштан көз жасына ерік берді. Айта кететін жайт, демеушілер мұнымен шектелмей, отбасы кәсіппен айналысуға ниет білдірсе, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге уәде берді.
Серік Нысанов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Күтпеген жерден осындай сый болды. Қуанышымда шек жоқ. Халқыма рақмет айтамын, елеп жатқандарына.
Шадырақ Ермекбайұлы, кәсіпкер:
- 100 отбасыға көмектесеміз деп уәде бергенбіз. Бүгінгі таңда тізімін осы қайырымдылық қоғамдары жасап жатыр.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ