Ғасыр жасаған жауынгер. Шығыс Қазақстандағы Шемонайха ауданында тұратын қарт майдангер Алексей Фирсов 100 жасқа толды. Әрқашан салауатты өмірді серік еткен ақсақал әлі тың. Осы уақытқа дейін өнерден де алыстамаған. Ғасырлық мерейтоймен құттықтап келген қонақтарға ән айтып, ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті.
Немере, шөбересімен шүйіркелесіп, сөзжүмбақ шешу - Алексей Фирсовтің сүйікті ісі. Бүгінде шөбересі екеуі әп-сәтте біраз сұрақты шемішкедей шағып тастады.
Алексей Фирсов, соғыс ардагері:
Осылай сөзжұмбақ шешкенде адам зерделі болады ғой. Жалпы, жастайымнан ілім-білімге құштармын. Кітап, газет-журнал оқысам, көңіл-күйім жақсы болып жүреді.
Қария қосағымен бірге 4 баланы өсіріп жеткізген. Бүгінде олардан 7 немере, 14 шөбере және 2 шөпшек көріп отыр.
Юлия Фролова, шөбересі:
Атам өте мейірімді, ақкөңіл адам. Өмірге деген көзқарасы жақсы, әрдайым позитивті ойлайды. 100 жасқа жеткені де мүмкін осының арқасы.
Алексей Фирсов Ресейдің Пензен облысында дүниеге келген. Әскерде жүрген жерінен майданға аттанып, артиллериялық полк құрамында Забайкальедегі шайқастарға қатысты. Қазақстанға соғыстан кейін қоныс аударады. Туған күніне орай үйіне қонақ көп келді. Қарияның көңілі көлдей шалқып, бірнеше ән шырқап берді.
Екі бірдей тарихи кезеңнің куәсі болған қария «ұзақ өмір сүрудің құпиясы іштар болмау, спорт және өнерді сүю», дейді.
Алексей Фирсов, соғыс ардагері:
100 жасқа келгенде спортпен шұғылдану әрине, оңай емес. Дегенмен, таңертең тұрғанда осылай біраз жаттығу жасаймын. Шамам келгенше, салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Қазір қал-жағдайым жақсы.
Ардагер кезінде Шемонайха ауданындағы түзету мекемесінде жұмыс істеген. Бұл күні бұрынғы әріптестері де құттықтап келіп, кеудесіне төс белгі тақты.
Зейнолла Бекқалиев, ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ардагерлердің ішінде осы кісінің жасын басып келе жатқан адамдар көп. Ол кісілер әлі де жасай берсін деп айтамыз. Өздеріңіз көрдіңіздер, әлі тың, өлең де айтады.
Құрмет-қошеметке көңілі марқайған қарт майдангердің бір ғана тілегі бар. «Ел іргесі бүтін, жұрт аман, халық тыныш болса», дейді.
Берік КӨШЕРБАЙ