Шымкент қаласында тұратын қарт жауынгер 100 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында тұратын қарт жауынгер 100 жасқа толды

06.05.2023

Шымкент қаласында тұратын Нина Мосунова екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, бүгінде көзі тірі үш майдангердің бірі. Соғыста пулеметші, радист болған қарт жауынгер биыл 100 жасқа толып отыр.

Майдангер бүгінде соғыс жайлы тіпті есіне алғысы келмейді. 18 жастағы бойжеткен 1943 жылы өзі сұранып Можайск маңындағы шайқастың ортасына түскен. Радистер бөліміне жетекшілік етеді. Жаумен бетпе бет келген әрбір ұрыс - өмір үшін арпалыс. Мұны қолыма пулемет ұстап, жаумен бетпе-бет айқасқанда анық сезіндім, дейді ол.

Нина Мосунова, соғыс ардагері:

№36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында командир болдым.Топқа жетекші болу асқан жауапкершілік жүктейді. Неміс әскерінің әрбір тегеурінді шабуылына тойтарыс беріп, тізе бүкітру үшін тек қару ғана емес, бойда өршіл рух, қайсарлық қажет еді.

Бүгінде екі омырауын тұтастай жауып тұрған орден мен медаль қарт майдангердің көзсіз ерліктерінің айғағы. От-жалында шыңдалған жауынгер елге келгесін ұзақ жыл бойына кітапханашы, коммуналдық шаруашылық бөлімінде еңбек етті. Ғасыр жасағанына қарамастан Нина Мосунова әлі де ширақ.

Нина Мосунова, соғыс ардагері:

Өмір бойына спортты серік еткенінің арқасында сергектігім жоғалған емес. Үнемі жаттығу жасаймын.

Осыдан екі жыл бұрын мегаполисте Жеңіс мерекесін 20-дан астам ардагер қарсы алған болатын. Биыл олардың қатарынан үш-ақ адам қалып отыр. Соғыс ардагерлеріне құрмет ретінде жыл сайын бір реттік әлеуметтік көмек беріліп келеді.

Ұлбала Бекбау, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

Ол кісілерге жергілікті бюджет есебінен 1,5 миллион теңгедей қаржы қарастырылды. Және де 2221 тыл ардагері бар. Ол кісілерге 12 айлық есептік көрсеткіш 41 мың 400 теңгеден есепшоттарына аударылатын болады.

Жеңісті жақындатуға Оңтүстік жұртшылығының қосқан үлесі орасан. Майданға 140 мыңнан астам азамат аттанды. Оның 51 ерлік көрсетіп, батыр атанған болса тағы 8 азамат Даңқ орденін кеудесіне тақты.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу