Алматыда 3 жолайрық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір Сейфуллин-Жансүгіров, Рысқұлов-Емцов, Рысқұлов пен Құлжа тасжолының қиылысында құрылыс жүріп жатыр. Мұндай жолайырықтар мегаполистегі көлік кептелісін сейілте ме?
Бүгінде алып шаһарда заңды түрде тіркелген 500 мыңнан астам көлік бар. Ал, тіркелмегендері 350 мыңнан асады. Оған қоса, өзге өңірлерден кіретін көліктерде есеп жоқ. Темір тұлпар тізгіндеушілердің саны артқан сайын кептеліс те көбейеді. Жол кептелісін болдырмау үшін мамандар айналма жолдар мен жолайрықтардың санын еселемекші. Шаһардағы тағы бірнеше көшенің жолын жөндеуден өткізбек.
Айдын Тойбазаров, Алматы қалалық Мобилділік басқармасының бас маманы:
5 бригада, 274 жол жұмысшылары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, қалада 111 километр, 121 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда аудандық және жергілікті маңызы бар көшелердің жұмыстары басталды.
Жолайрықтар қаладағы кептелісі көп аймақтарда салынып жатыр. Мұнда жерүсті және жерасты жаяу жол өткелдері болады. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін.
Бүгінде негізгі күш Рысқұлов және Құлжа күре жолындағы жолайрық құрылысына жұмылдырылған. Жауаптылар алдымен осы нысанды аяқтамақшы.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Бұл нысандардың құрылысы 2017 жылы басталған. Қазір жұмыстар қызу жүріп жатыр. Осы жылдың соңында, яғни, желтоқсан айында халыққа пайдалануға берілмек. Ал, мамандардың айтуынша, бұл жолайрықтар қаладағы кептелістердің 18 пайызға азаюына сеп болмақ.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ