Нұр-Сұлтанда 2 мың көпбалалы отбасы коммуналдық қызметті төлеуге көмек алатын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда 2 мың көпбалалы отбасы коммуналдық қызметті төлеуге көмек алатын болады

26.03.2019

Бас қалада 2 мың көпбалалы отбасы коммуналдық қызметті төлеуге көмек алатын болады. Сондай-ақ, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды күтушілер тегін жолақымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесу барысында айтты. 

Жүздесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты. Қала тұрғындары  билік өкілдерінен баспаналы болу, білім алу, медициналық ем қабылдау жөнінде сұрақтар қойып, өтінім білдірді. Сондай-ақ, жер алу мәселелері мен өзге де әлеуметтік салалар бойынша халықтың шағымдары тыңдалды. Билік өкілдері болса, бірде-бір тұрғынның қабылдаусыз, көмексіз, қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Халықты толғандырып жүрген өзге мәселелердің бірі жәрдемақыларды алар кезде қағазды көп жинау, көптеген мемлекеттік мекемелерге бару. Осыны ыңғайландыру үшін электрондық халық деген ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Сол жүйенің негізінде тек қана куәлігі болуы керек. Басқа керекті құжаттардың барлығын сол азаматтар үшін мемлекеттік органдар жинайды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу