Жыл соңына дейін елімізде 8 мың көпбалалы отбасы баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін елімізде 8 мың көпбалалы отбасы баспаналы болады

20.09.2019

Жыл соңына дейін елімізде 8 мың көпбалалы отбасы баспаналы болады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Оның сөзінше, мамыр айынан бері 2 813 отбасы қоныс тойын тойлаған. Жалпы көпбалалы отбасылар үшін 2025 жылға дейін 40 мың жалға берілетін тұрғын үй салынбақ. Бұл – жыл сайын 6 мың отбасы бапаналы болады деген сөз. Осы мақсатта 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұдан өзге, «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатын көріп жатқандардың қатары жыл санап өсіп келеді. Мәселен, былтыр 12 миллион шаршы метрден астам үй пайдалануға берілсе, биыл 13 миллионнан асады деген жоспар бар. Яғни 120 мың отбасы пәтер кілттерін алмақ. Осы бағытта жер-жерде үй құрлысы қызу жүріп жатыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі: 

Құрылыс бойынша инвестициялар саны үй құрылысына 19 пайызға өсті. Былтырмен салыстырғанда, түгел өңірлер құрған жоспар бойынша жұмыс істеп келеді. Істері қарқынды. Бірақ екі өңір бар қалып отырған. Нұр-Сұлтан қаласында 33 пайызға үй құрылысының саны түсті, Маңғыстау облысында 9,5 пайызға үй құрылысының көрсеткіші төмендеді.

Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасымен биыл 2 500 адам үйлі-күйлі болмақ. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, табысы төмен отбасыларға арналған бағдарламаға қатысуға бүгінде 5 мың өтініш келіп түскен. Оның тек тең жартысы банк талаптарынан өтіп, қазіргі күні үй іздеп, несие құжаттарын рәсімдеп жатыр. 455 отбасы жаңа үйлеріне кіріп үлгеріпті. Ал 2020 жылдан бастап Президенттің бастамасымен 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін көрмек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу