Тәуелсіздіктің тұғырын көтерген тарихи тұлға ол - Қазақстан елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 30 жылда Қазақ елі жоғары жетістікке жетті, толағай табысқа кенелді. Ал, Астана аз уақытта жаһанды өзіне қаратты, Ұлт келбетіне айналды. «Оған Елбасының еңбегі ұшан-теңіз», деген қазақстандықтар Астананың Нұр-Сұлтанға өзгергенін лайықты шешім дегенді бірауыздан айтты.
Астанаға Нұр-Сұлтан атауын беру - бұл тарихи шешім. Себебі, мемлекет негізін қалаған Елбасы елорданың бас сәулетшісі. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай құрметке әбден лайық. Осылай деген Талдықорғандағы бастауыш партия өкілдері бүгін арнайы форум өткізіп, елорда атауының өзгеруіне өз тараптарынан үн қосты.
Шығыс Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық ұйым мүшелері де мұны оң өзгеріс деп қабылдайды, қолдайды. Аймақтағы демократиялық күштер коалициясының отырысына жиналғандар Тұңғыш Президенттің Қазақстанның жаңа елордасын құрудағы ерен еңбегін електен өткізді. Саяси ерік-жігеріне айрықша тоқталып, елі үшін төккен маңдай теріне мың алғыс айтты.
Әнуарбек Мұқтарханов, «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасының мемлекет құрудағы үлкен еңбегін атап өтіп, оған осылай Астанамыздың атын беріп жатса, біздің ШҚО филиалы, жалпы, халық бұған қолдау көрсетіп жатқанын айтуымыз керек.
Елбасы әрқашан Қазақ елі мен қазақстандықтардың мүддесі үшін тыным таппады. Елді дамытты, өсіп-өркендетті. Демек, Елбасы халық арасында зор беделге ие болып, мәңгілік жадыда қалмақ. Павлодардағы «Nur Otan» партиясының өкілдері де жиын өткізді, оң пікірлерін білдірді.
Ардақ Аталықов, Ақсу ферроқорытпа зауытындағы «Nur Otan» партиясы бастауыш ұйымының мүшесі:
30 жыл ішінде біздің Қазақстан қандай деңгейге жеткенін бәрі көріп отыр. Бәрі Елбасымыздың арқасы деп ойлаймын. Сондықтан, өз басым Астанамызды Елбасымыздың атымен Нұр-Сұлтан деп атауды қолдаймын.
Ел үшін тарихи маңызды кезеңде бұл шешім - әділетті. Осылай деген Ақтөбе жұртшылығы елорданың жаңа атауын құптайтындықтарын жеткізді. Әлбетте, жастар жағы да қарсы емес. Себебі, Астана мыңдаған жастың арманын орындады, үлкен өмірге жол ашты.
Нұрбек Талғатбаев, облыстық Жастар ресурстық орталығы Жастар жасағының басшысы:
Ару қала Астанамызға Елбасының аты беріліп жатыр. Біздер, жастар, облыс жастары соған өте қуаныштымыз. Жалпы, Елбасымыздың президенттіктен кетсе де, тарихта қалатыны хақ. Яғни, Елбасымыз осы уақытқа дейін де Жастар жылын қолдап, жастарға әрқашан көңіл бөліп келді.
«Алмағайып өтпелі кезеңнен Қазақстан халқы жүдемеді, күйзелмеді. Аз уақытта еңсесін тіктеді. Азаттықтың таңы атқаннан бастап іштегі, сырттағы ұлттың рухы өрледі. Астанамыз асқақтады. Мұның барлығы - Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы»,-деді қалың қауым.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТҚЫЗЫ