Өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан Тұңғыш Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан Тұңғыш Президент

21.03.2019

Еліміз егемендік алған шақтан ауыл шаруашылығына шырай кіріп, іргелі қожалықтар көбейді. Тоқырау жылдары тоналып, тоз-тозы шыққан еңбек ұжымдарына мемлекеттік қолдаудың шарапаты тиіп, қайтадан жандана бастады

Шаруашылық басшысы Керімқұл Бегалиев алғашында картоп өсірудің барлық кезеңі қолмен атқарылғанын айтады. «Жұмыс күші жетіспей, баудың көлемін ұлғайту мүмкін болмады», дейді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Алғашында өз жұмысын небәрі 1,5 гектар жерге картоп егумен бастаған шаруашылық, бүгінде іргелі қожалыққа айналып отыр. Мұнда әлемнің озық технологиялары қолданылады. Ал, егістік көлемі 150 гектарға дейін ұлғайған.

Егістік көлемінің артуына елімізде қабылданған агросаланы дамытуға арналған бағдарламалар сеп болды дейді. Ал, бала кезден даңқты диқан болуды қалаған ауыл баласының арманы осы жылдар ішінде ақиқатқа айналғанын айтады.

Голландиялық технологиямен картоп өсіретін шаруашылық өнімді еселеп жинайды. Тың техникалардың көмегімен қазір гектарына 300 центнерге дейін картоп алады. Қазір көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. «Еңбектің еселеніп, елдің мерейі өсетін мереке қарсаңында болған өзгеріс - жақсылықтың нышаны», - дейді диқан.

Бүгінде Жамбыл облысында 70 мыңға жуық орта және шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мемлекеттің қолдауымен шаруасын дөңгелетіп бастаған. «Ал, Елбасының бастамасымен енгізілген инновацияның игілігін көрмеген шаруашылықтар кем де кем»,-дейді мамандар.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу