Ақмола облысында биыл 45 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. Сондықтан, өңірде су тасқынына қарсы шаралар қазіргі уақытта белсенді жүріп жатыр. Бүгінде облыс аумағындағы өзендердегі мұз жару жұмыстары аяқталды. Олардың бірқатарында су қоры қалыпты мөлшерден көп болып отыр.
Ақмола облысында көктемде қауіп төндіретін 5 ірі өзен бар. Биыл Есіл мен Шағалалыда су қоры 40 пайыз артық. Сілеті де сол шамалас. Ал, Жабай мен Колутондағы ылғал қоры қалыпты мөлшерден төмен. Дегенмен, мұз жару жұмыстары барлық өзендерде жүргізілді.
Алексей Советов, Ақмола облысы бойынша ТЖ департаментінің бастығы:
Облыс бойынша ірі өзендерде мұз жабындысын жару жұмыстары аяқталды. Барлығы 15 мың шаршы метр аумақты қамтыды. Аймақтың 10 ауданында жүргізілді. Бұл мұз жару ертең ағын су келгенде оның кедергісіз өтуіне және өзеннің арнасынан шықпауына ықпал етеді. Дегенмен, облыста қызыл аймаққа енген қауіпті жерлер әлі де бар.
Ақмола облысындағы 5 аудан қауіпті аймақтар қатарында. Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Қорғалжын және Целиноград аудандарында су басу ықтималдылығы жоғары. Қазір өңірдегі үш су қоймасы еріген қар суын қабылдауға дайын. Астана, Сілеті, Шағалалы қоймаларының жалпы қуаты 669 миллион текше метр.
Арман Уәлиев, Шағалалы су қоймасының өндірістік бастығы:
Қазіргі жағдайда су қойма шаруашылығы суды қабылдап, өткізуге дайын тұр. Қазіргі жағдайда осы жерде 50 пайыз көлемінде су тұр.
Қазіргі уақытта қоймалардан суды ағызу кестесі жасалуда. Сондай-ақ, бүгіннен бастап Ақмола облысындағы азаматтық қорғаныс саласындағы мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Енді қызметкерлер тәулік бой кезекшілік етеді. Қосымша бақылау бекеттері де жасақталады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН