Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығының Таврия ауылындағы бөлімі жабылады. Себебі, ол жердің қызметін күніне 1-2 адам ғана пайдаланып жүрген. Сондықтан, бюджет қаржысын берекелі пайдалану үшін бөлімді оңтайландыру туралы шешім шығыпты. Бұл жаңалық жергілікті халық арасында қызу талқыланып, өзгеріске қарсы болғандар да табылды. Ауыл тұрғындары үшін маңызы зор мәселенің мән-жайы арнайы жиында айтылды.
Кез келген өзгерістің себеп-салдарын жұртқа дұрыс түсіндірудің маңызы зор. Осы қағида басшылыққа алынып, ауылда арнайы кездесу өтті. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының Тавриядағы бөлімін оңтайландырмаса, ел қазынасынан қажетсіз шығын болатыны түсіндірілді. Себебі, күніне келетін 1-2 адам үшін 6 адамдық штат ұстау тиімсіз.
Шаймұхамет Өтепов, Таврия ауылының тұрғыны:
Сұрақ көп болды, бірақ, соңында түсіндік. Өйткені, жасы келген адамдарға оңай болған жоқ. Былай қарасақ, бұл өте дұрыс шаруа екен. Қазір цифрландыру деп айтып жатыр.
Цифрландырудың мақсаты – адам өмірін жеңілдету. Интернет болса, қазір кез келген анықтаманы үйден шықпай-ақ алуға болады. Ал, компьютермен жұмыс істеуге қиналатын адамдар үшін ауылдағы әкімдікте, кітапханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған.
Есбол Қызырхан, Таврия ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
Электронды қолтаңбасы арқылы Үкіметттің веб-порталына қалай кіру керек екенін көрсетіп, бастапқы жәрдем береміз. Ал, қарт адамдар келсе, оларға өзіміз көмектесіп, қажетті анықтамаларын алып беруге жағдай жасап, қолдау көрсетеміз.
Өткен жылы ауылдық әкімдік тұрғындарға 1172 қызмет түрін көрсеткен. Оның 720-сы электронды түрде, 432-сі қағаз түрінде. Халыққа қызмет көрсету орталығының Тавриядағы бөлімі жабылғанымен, мобильді топтың жұмысы жалғаса береді.
Аслан Абдрасулин, аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы:
Мобильді халыққа қызмет көрсету жұмыс істегеніне 6 жылдан асты. Барлық тұрғындарды қабылдап үлгеріп жүрміз. Мобильді топ арнайы кесте бойынша, кейде жоспардан тыс та елді мекендерді аралайды. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ. Халыққа мемлекеттік қызметтің барлық түрі көрсетіледі.
Қазіргі уақытта Ұлан ауданы бойынша барлығы 15 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған. Ол жердің барлығында халыққа арнайы оқыған мамандар көмектеседі.
Берік КӨШЕРБАЙ