Амал мерекесі Атырау облысында да тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амал мерекесі Атырау облысында да тойланды

14.03.2019

Амал мерекесі Атырау облысында да тойланды. Тарихтан тамыр тартқан дәстүрді өңірдегі барлық елді мекендері дүркіретіп өткізді. Соның бірі қойнауы қара алтынға бай Құлсары қаласы. Шаһардың моно қала дәрежесін алғанына биыл 19 жыл. Жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасып қайтқан тілшіміз Жандос Темірғалиевтың бейнематериалы.

Жандос Темірғали, тілші:

Алаңда «Бір жасыңызбен!» деп көрісемін төс қағыстырып  Бүгін осындай ізгі ниетпен қазақстандықтар амал мерекесін қарсы алды. Батыс өңірлерде ғана сақталған ежелгі дәстүрді, биылдан бастап еліміздің өзге өңірлері де жандандыруда. Таң атысымен жұртшылық бір-бірімен  көрісіп, мал- жанына саулық тілесті.

60 мыңнан астам халқы бар моно қаланың жұртшылығы амал мерекесін асыға күтеді. Биыл да жыл сайынғы үрдіс сақталып, келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Орталық алаңда ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға ұлттық құндылықтарымыз паш етілді.

Фарида Ахметова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

Амал мерекесін үлкен көлемде атауға бет бұрып келеміз. Ардагерлер жастар xалықтың барлық санаттары бүгінгі күні қауышып, бір бірімен көрісіп амандасып, осы шараны жақсы көңіл күймен қарсы алып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Құлсары халқының  30 пайызға жуығы жастар. Бүгін олар да қалыптасқан дәстүрге үн қосып, «Көрісу фест» шарасын өткізді. Белсенді жастардың бірімен сұхбаттасып көрейік.

Жанар Тұрланова, белсенді жас:

Амал мерекесі мен үшін қол алысып көрісу ғана емес. Бұрынғыдан келе жатқан өкпе ренішті, араздықты ұмытып, адамдар бір-біріне деген ақ тілектерін тілейтін күн. Бұл жаңаша форматтағы шара болғанымен әрине көрісудің мақсаты әрқашанда  айқын. Бұл біздің ұлттық салт дәстүріміз болып саналады.

Көрісу күнінде ағайынның басы бір арнаға қосылып, әр шаңырақ береке нұрына шомылады. Амал мерекесін асыға күтетін Ақназаровтар әулетінің үйі, рауандап атқан таң шапағымен тума туысқа толды. 80-нің сеңгіріне шыққан Нұрдәулет ақсақал мен Баян әжей, амалдан қалыс қалып көрмеген. 6 баласынан тараған, 18 немересі мен10 шөбересіне ұлық дәстүрді үйретіп бағуда.

Нұрдаулет Ақназаров, еңбек ардагері:

Қыстай болған қиындықтың бәрі кетіп, жаңа жыл жаңа күн басталып жатыр деп көрісу дәстүрге айналып кеткен.Амал тойы,амал мерекесі бәрімізге құтты болсын.

Жандос Темірғали, тілші:

Бүгінде құнды мерекеміз халықаралық деңгейде насихатталуда. Енді келер жылы бірегей дәстүрден бейхабар өзге өңірлер де амалдың айшықтарымен танысады. Осылайша, батыста басталған бастама күллі қазаққа ортақ мереке болмақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу