Бүгін еліміздің батысында Амал мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін еліміздің батысында Амал мерекесі тойланды

14.03.2023

Бүгін еліміздің батысында Амал мерекесі тойланды. Маңғыстауда осы жолы айтулы шара халықаралық деңгейде аталып өтті. Отпан таудың басында «Бірлік» оты жағылып, 2 күн қатарынан ұлан-асыр той болды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Отпан тау-қара таудың ең биік шоқысы.Маңғыстау жұрты үшін киелі әрі тарихи орын. Сондықтан олар осында жиналып көріседі. Биыл да адам өте көп. Бүгінгі мерекеде 30 дан аса мәдени және спорттық шара жоспарланған.

«Амал» – халықты бірлікке шақырып, ағайынды табыстыратын күн. Бүгін қол алысып көрісіп, ақ дастархан басында жиналу - дәстүр. Биылғы шараның ауқымы да кең. Амалдың мән-мағынасын зерделеу үшін, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан және Қарақалпақстан елдерінен ғалымдар, зерттеушілер мен жыршы-жыраулар жиналды.

Незакет Меммедли, Мұхаммед Физули атындағы Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының ғылыми қызметкері, профессор:

Бұл мереке Әзербайжанда да бар. Тек атауы басқаша. Бізде бұл күн жылдың соңғы сейсенбісі дегенді білдіреді. Жиналып, от жағамыз. Киелі орындарға зиярат етеміз. Ал Маңғыстаудағы мереке ерекше екен. «Қазақ» десе жүрегім елжірейді. Енді міне, олардың салт-дәстүрді қаз-қалпында сақтағанына қайран қалып отырмын.

«Амал» мерекесінің жас ұрпаққа берері мол. Үлкенге ізет, кішіге құрметті үйренумен қатар, елдіктің, бейбіт өмірдің қадірін түсінеді.

Қалнияз Оңдабаев, облыс тұрғыны:

Бұл мереке қыстан ел аман-есен шығуы, жердің тоңының жіпсуі, табиғатқа жанның енуі, барлық зат көгеріп бастайды бұдан былай. Бір-бірімізді сыйластық пен құрметті арттырып, бір сөзбен айтқанда ынтымақпен бірлікті нығайтатын мереке.

Отпан таудың басына жиналған халықтың қарасы көп болды. Күн де күлімдеп, мерекелік көңіл күй еселене түсті. Қонақтар спорттық ойындарға қатысып, бақ сынады.

Шайхулла Алдабергенұлы, Тараз қаласының тұрғыны:

Елдің әлауқаты жарасқанын көрсетіп тұр. Тағы аумақты шара болып жатыр. Жаңа осы жерде 10 мыңнан астам ел жиналды дейді. Барлық Қазақстаннан келіп жатқанын білеміз. Келгенде де қазақ, қазақ емес Өзбек, Қарақалпақ жігіттерді де осы жерде кездестірдік.

Ошақ бәйге, тай жарыс, аламан бәйге мерекенің көркін қыздырды. Тазы жүгіртіп, бүркіт салған сал-серілер салт- дәстүрді жаңғыртты. Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиген шақта ұлтты ұйыстырған наурыз мерекесі тұтас қазақ даласында бастау алды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу