Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылында тұрғындар пай үлестерін ала алмай жүр. Кезінде күріш егіп, атағы шартарапқа тараған, бірнеше Социалистік Еңбек ері шығып, әлемге танылған елді мекенде қазір береке жоқ. Ауылда 35 шағын қожалық бар. «Олар өзара келісе алмай, жағдай күннен-күнге шиеленісіп барады»,-дейді қамкөңіл жұрт.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
- Ауыл тұрғындары бұл жерді 2004 жылы 49 жылға жалға алған. Бірақ осы уақытқа дейін оның игілігін көрген жоқ. 2012 жылы инвесторға өз үлестерін сеніп тапсырған. Алайда, инвестор сенімді ақтамады.
165 адам бір шаруашылыққа біріккен. Бірақ ол қожалық егін егіп, одан өнім алып қарық болған жоқ. Сондықтан 165-тің 35-і өзі бөлініп, басқаша қарекет етпекші. Сол себепті тұрғындар шаруашылық төрағасына арыз жазды. Бірақ бір айдан асты, әлі жауап жоқ.
Балтабек Иенбаев, ауыл тұрғыны:
- Кездескен сайын сұраймыз, әртүрлі сылтау айтады.
Қанат Оразов, ауыл тұрғыны:
- Ол кісіде 250 гектар егістік жер бар енді. 70 гектардайы біздікі, 35 үйдікі ғой. Соны бізге бөліп бермей тұр. Ауыл әкіміне де арызданғанбыз.
Уақытша деп берген жер үлестерін қайтарып ала алмай жұрт сандалып жүр. Халыққа керегі тек өздеріне тиесілі қара жер. Өйткені Жер-Ананы еміп өскен аймақтың жұртшылығы үшін бұл күнкөріс көзі.
Жұрттың сеніміне кіріп, жер үлестерін сенімді басқаруға алған инвестормен кездесу мүмкін болмады. Ауылдағы ахуалға жауапты әкім де қара көрсетпеді. Ал, аудандық әкімдіктегілер бұл мәселенің биыл шешілмейтінін айтады. Себебі егін басталған уақытта бөлініп шығуға ешкімнің құқығы жоқ.
Марат Құлниязов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Көктемгі егіс басталып кетті. Рұқсат берілмейді.
Бітпес дауға айналған мәселе онсыз да қыстан қысылып шыққан тұрғындарды тығырыққа тіреді. Мәселені егер атқарушы билік шешпесе, олар құқық қорғау орындарына шағымданбақ.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ