Құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр

10.06.2014
Құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр
Шығыс Қазақстан облысындағы Алғабас ауылының құрылысшылары 3 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Шағын елді мекенде осыдан 3 жыл бұрын жаңа мектеп салына бастаған.
 
Мердігер нысанның құрылысын жарты жолдан бітірмей тастаған. Істі межесіне жеткізу үшін құрылысқа ауыл тұрғындары тартылған. Олар келісілген жұмыстың бәрін істесе де, уәделескен еңбекақылары әлі қолдарына тимепті.
 
Бұл мектеп осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ, тендерді ұтып алған фирма өз міндеттемесін дұрыс орындамады.
 
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының тек 70 пайызы ғана біткен. Ауыл үшін маңызы зор нысанды салуға атсаласқан жергілікті тұрғындар өздеріне тиесілі нәпақадан қағылып отыр.  
 
Айжан Қасенова, Алғабас ауылының тұрығыны:
Жолдасым осы мектепте жұмыс істеген. 5 балам бар. Содан бері ақшасын ала алмай жүр. 40 градус аязда жер қазған оңай ма?
 
Алғабас ауылынан мектеп құрылысына 40 адам қатысқан. Олардың тең жартысы, сылақшы болып жұмыс істеген қыз-келіншектер. Олардың ешқайсысы жұмыс берушімен еңбек шартына отырмапты. 
Бақыт Кентауова, құрылысшы:
Маған сеніңіздер, деді. Қазақшылыққа салынып, шын айтсақ, сол адамға сендік.
 
Тілші: Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындардың жанайқайын түсініп отыр. Ауыл әкімі мәселенің мән-жайын аудан басшылығы мен прокуратураға да айтыпты.
 
Нұржан Бапышев, Бозанбай ауылдық округінің әкімі:
Қазір мораторий ғой, тексеруге болмайды. Бірақ, сол кісіні жиналысқа шақырып, бәрін айттық. Енді 1 шілдеге дейін кісілердің барлығына төлеп беремін деп отыр.
 
Ауыл әкімі құрылыс фирмасының жергілікті тұрғындарға 3 миллион теңге берешек екенін айтты. Ал, учаске бастығының айтуы бойынша, төленбеген жалақының жалпы сомасы 1 миллион 800 мың теңгеден аспайды. Қарыз көлемі қанша болса да, құрылыс фирмасының оны қалай төлейтіні бұлыңғырлау.
 
Ғалым Сүлей, құрылыс фирмасының өкілі:
Ақша таусылған баяғыда. Бұл мектептің ақшасы жоқ.
 
Қазір құрылыс алаңында өзбек ағайындар жүр. Сыртқы абаттандыру жұмысын істеп жатқан көрінеді. Ауыл тұрғындары, мектеп құрылысы аяқталса, 3 айлық еңбекақымызды мүлде алмай қаламыз ба деп алаңдап отыр.  
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу