Биыл Қазақстанда 505 елді мекенді су басуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстанда 505 елді мекенді су басуы мүмкін

12.03.2019

Биыл Қазақстанда 505 елді мекенді су басуы мүмкін. Көктемгі тасқын кезінде бірқатар өңірде қауіп жоғары. Төтенше жағдайлар комитеті 10 облысты «қауіпті аймақтар» қатарына жатқызып отыр.

Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан өңірлері. Соңғы күндері тасқын қаупі күшейді. Синоптиктер Батыс Қазақстанда өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін деп болжап отыр.

Қазір Көшім, Деркөл, Шаған, Жайық өзендеріндегі мұздың қалыңдығы 17-50 см аралығында. Облыс орталығының өзінде 32 аумақты су шайып кетуі ықтимал. Ал Қарағанды облысында қардың орташа қалыңдығы 19-20 сантиметр. Ағысы қатты ең үлкен екі өзен Нұра және Шерубай-Нұрада судың қоры өлшенді.

Соның негізінде Нұраның кей аумағында ылғалдылық мөлшері белгіленген межеден 55 пайызға жоғары екені анықталған. Ал Шығыс Қазақстанда синоптиктердің болжамынша наурыз, сәуір айларында ылғал көп түседі. Сондықтан, тасқынға қатысты жағдайды дөп басып болжау қиындау, деп отыр мамандар. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу