Жаза басып, жаңылғандарды жұмысқа тарту – түзелудің негізгі кепілі. Шығыс Қазақстан, Жарма ауданындағы ОВ-156/21 түзету мекемесінде осы қағида бойынша 100-ден аса адам еңбекпен қамтылған.
Бүгінде әйелдер колониясында тігін және кондитер цехы жұмыс істеп тұр. Нан-тоқаш өнімдері сол маңдағы ауылдарға таратылса, арнайы киімдерге кәсіпорындар тапсырыс береді.
Жазасын өтеп жүрген 175 қыз-келіншектің 75 пайызы жұмыспен қамтылған. Солардың бірі ұзақ мерзімге сотталған Елена Заврикина. Ол тігін цехында ашылған күннен бастап жұмыс істейді. Бұл цехта барлығы 15 тігінші еңбек етеді.
Елена Заврикина, жазасын өтеуші:
Шыққан соң жұмысқа тұрып, басқаша өмір сүргім келеді. Жақын уақытта немерелі боламын. Соған дұрыс тәрбие мен сапалы білім бергім келеді. Өйткені, қызыма тәрбие бере алмадым. Олар менің қателегімді қайталамаса деймін.
Феруза Тулағанова да жазасын өтей жүріп, еңбек ететіндердің қатарында. Кондитер цехында онымен тағдырлас тағы 14 әйел жұмыс істейді. Олар күніне 200 бөлке нан, 500-ден астам тоқаш және тапсырыс бойынша тәттілердің бірнеше түрін пісіреді. Олардың барлығы еңбек етудің арқасында қоғамдық өмірге қайта оралғандарын айтып отыр.
Феруза Тулағанова, жазасын өтеуші:
Бұл жердегі болған психологтар тәртіп бөлімі мекеме әкімшілігінің арқасында аяққа тұрдым. Осы істеп жатқан жұмысым, өз мамандығым ұнайды. Шыққан кезде де осы жұмысты жалғастырамын.
Бұл мекемеде жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектің 70 пайызы- орта білімді. Ал аттестат алып үлгермегендер - кешкі мектепте оқиды. Оған қоса колледжде арнайы мамандық та алу мүмкіндіктері бар.
Жақсылық Алтаев, ОВ 156/21 түзету мекемесінің бастығы:
Біздің мекемеде орналасықан кешкі мектепте орта білім алу жұмысына ат салысамыз. Және Жарма колледжінде арнайы білім береміз. Диплом алған соң аспазшы болып немесе тігін цехында жұмыс атқарады.
Жаза басып, жаңылғандарды қоғамға қайта бейімдеу – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мекемеде ашық есік күндері өтіп, мәдени шаралар жиі ұйымдастырылады.
Берік КӨШЕРБАЙ