Балқаш қаласында жұмыссыз жастар  жаппай еңбекке тартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш қаласында жұмыссыз жастар  жаппай еңбекке тартылмақ

12.03.2019

Қарағанды облысының Балқаш қаласында жұмыссыз жастар  жаппай еңбекке тартылмақ. Қаладағы белсенділер үйлерді аралап бос жүргендерді анықтауға кірісті.  Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығы арнайы мобильдік топтар құрып, қала тұрғындары көп шоғырланатын аумақтарда мемлекеттік бағдарламалар, бос орындар жөнінде насихат жүргізуде.

Жанерке жоғары оқу орнын тәмамдаған. Компьютерлік бағдарламаларды жетік біледі. Алайда, жұмыс таппай жүргеніне біраз болды. Қалалық базар алдында тұрған мобильдік бекет мамандарына жолығып мәселесі әп-сәтте  шешілді.

Жанерке Ыбырахым, қала тұрғыны:

Кеңесшілерден кеңес алдым. Өзіме қажетті ақпараттарға қанықтым. Ол кісілер маған қаладағы №2 емханаға программист керек екенін айтып, сонда жолдама берді.

Тұрғындардың көбі жұмыспен қамту орталығы бар екенін білмейді. Сол себепті осындай мобильдік топтар халық көп шоғырланатын сауда орындарын, базар, әлеуметтік нысандар мен  шеткі ықшам аудандарды аралайды. Нәтиже жақсы.

Жыл басынан бері 336 бос жүрген азамат анықталып, олардың 220-сы жұмысқа тұрған. Әсіресе, жастарға баса көңіл бөлінеді. Оларға мемлекеттік бағдарламалар, қала әкімшілігінің кәсіпкерлік үшін гранты, жастар практикасы, «Жасыл ел» туралы жан-жақты түсіндіріледі.

Балқашта 16 мыңдай жас бар. Олардың оқығысы жоқ, жұмыссыз жүргендері ресми ақпарат бойынша 500-ден асады. Алайда, жастар орталығы белсенділерінің айтуынша, үйде бос отырған замандастары одан да көп екен. Сондықтан, үй-үйді аралап жұмыссыз жастарды анықтауда. 

Расул Қасенхан, «Рухани жаңғыру» мәдени-танымдық орталығының жетекшісі:

НИД жастар дейміз ғой, не оқымайды, не жұмыс істемейді, солардың мекен-жайларын анықтаудамыз. Қаламызда жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын көрсетеді. Вакансия көп. Бірақ, жастар келмейді. Сондықтан, халық арасында осындай анкета жүргізіп жатырмыз.

Сауалнама нәтижесіз қалмайды.  Жұмыссыз жастарға түгел қолдау көрсетіледі. Айта кету керек, қаладағы  жастарды кәсіпкерлікке тартуға да баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, кәсіпкерлік үшін қала әкімшілігінің қайтарымсыз гранты көбейген. Өткен жылы 3 миллион теңге бірнеше жас кәсіпкерге үлестірілсе, биыл іскер жастарға  7 миллион теңге берілмек.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу