Академик Әбдуәлі Қайдар дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Академик Әбдуәлі Қайдар дүниеден озды

27.02.2019

Қазақ тіл білімінің абызы, көрнекті түркітанушы Әбдуәлі Қайдар 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Саналы ғұмырын ұлтының ұлы мұратына арнаған Ұлттық ғылым академиясының академигі, түбі бір түркі халқы үшін өлшеусіз еңбек етті. Филология ғылымдарының докторы 60-тан аса кітап жазған. Оның туындылары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, бағалы қазынаға айналды.

Әбдуәлі Туғанбайұлы 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9-сыныбын тәмамдап, өз еркімен майданға аттанған. Етігімен су кешкен жауынгерлік ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» бен «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Әбдуәлі Қайдар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы:

- Тілдің өлуі - халықтың өлуі. Атасы мен немерелері орысша сөйлесіп кеттік қой. Осы жақсылық емес. Осының барлығы тілдің құрып кетуіне мүмкіншілік береді. Тілдің аман сақталуы өзімізге байланысты.

Майданнан кейін Әбдуәлі Туғанбайұлы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік аяқтайды. Бұдан кейін Қазақ Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке, кіші ғылыми қызметкерден ғылыми-зерттеу институтының директорлығына дейінгі қайраткердің ғылымдағы ғұмыры Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында өтті.

Жамал Манкеева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері:

- Қазір латын мәселесі көтеріліп жатыр қоғамда. Ең алғаш сол идеяны көтеріп, Елбасына жеткізіп, түсіндірген ғалымдардың бірі - біздің ұстазымыз.

Әбдуәлі Қайдар - түркітану ғылымы мен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш жұмсаған ғалым. 500-ге жуық зерттеуі осыған дәлел. Сонымен қатар, академик ғылыми кадрлар даярлауға да ерекше көңіл бөлген. Оның шәкірттері бүгінде елдің әр аймағында тіпті, шетелдерде еңбек етіп жүр.

Сәрсенбай Құлманов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

- Ол кісінің жасаған дүниелерін қазір біз қазақ, түркі әлемі болып зерттеуге тиіспіз.

Әбдуәлі Туғанбайұлы - қазақ елінің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, азаматтық қоғам қалыптастыру туралы ойларын ашық айтқан қоғам қайраткері. Сондықтан ғылыммен қатар ел өмірінің өзгеруіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбектері ұрпақ жадында мәңгі жаңғырмақ. Ал, марқұммен қоштасу рәсімі 1 наурыз күні сағат 09:30-да Алматыдағы Ғылым ордасында өтеді.

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу