Биыл Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында су басу қаупі бар. Бүгін Атбасарда «Көктем-2019» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.
Бірнеше жыл бұрын көктемгі ағын судың астында қалған Атбасар қаласы да қауіпті аймақтардың қатарында. Себебі биыл да Жабай өзенінде қар көп. Оқу-жаттығу кезінде арнайы тактикалық шаралар өткізіліп, жедел жасақтардың әзірлігі тексерілді. Басқару органдарының, азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы пысықталды. Сондай-ақ, Жабай өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Биыл Ақмола облысында негізгі күш Атбасар ауданына жұмылдырылмақ. Аудан орталығындағы су басу қаупі бар 167 үй мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалып, арықтар мен су жіберу нысандары тазалануда.
Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
- Қар қоры мол аймақтар бар. Біз Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы жағдай алаңдатады. Солтүстік Қазақстандағы ахуал да қуантпайды. Күзде ылғал көп болды. Жердің тоңы қалың. Сондықтан еріген қар суы сіңіп үлгермейді деген қауіп бар. Қазір барлық алдын алу шаралары қабылдануда. Жергілікті атқарушы билікпен тығыз жұмыс істеудеміз.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.