Баспана дауы басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспана дауы басылмай тұр

22.02.2019

Алматыда Ақкент ықшам ауданының тұрғындары наразылыққа шықты. Өйткені бес жыл бұрын баспана алдық деп қуанған көпшілік, үйімізден айрылып қаламыз ба деп қауіптенеді. Сатып алынатын арендалық тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы уәдені үйіп-төккенімен меншік туралы құжатты қолдарына ұстатпаған.

Баспана алам деп басы дауға қалған ақкенттіктердің көрген күні - осы. Бес жылда баспана құнының жалпы сомасын бөліп төлеп бітсе де, үйлерінің жекеменшікке өткені туралы құжатын ала алмай жүр.

Аяна Мұхтарқызы, Ақкент ықшам ауданының тұрғыны:

- Біздің пәтеріміз кепілде тұр. Коммуналдық қызмет бағасы қымбат.

Барын балаларының аузынан жырып, баспанаға берген көпшіліктің көңілі күпті. Өйткені мәселені бір-біріне сілтеген мекемелерден үш жыл өтсе де тиісті құжаттарын ала алмай, пұшайман күйге түскен.

Айгүл Жаманқұлова, Ақкент ықшам ауданының тұрғыны:

- Қолымызда үйдің құжаты жоқ. Кепілде тұрғандықтан, бір күні қуып шыға ма деп алаңдаймыз.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Компанияның бас ғимаратына арыз-талаптарын айтып келген тұрғындар үйдің құжатын қолымызға алмайынша осы жерден тапжылмаймыз деп тұрып алды. Ал, мекеменің заңгері тұрғындар бір айдың ішінде қолына құжаттарын алады деп жауап берді.

Ләйла Махат, құрылыс компаниясының заңгер маманы:

- Шағымданушылар ақшаларын бізге толық төлеген. Енді кепілдік жүктеме рәсімдері біткеннен кейін меншік құқығы туралы құжаттары беріледі.

Мұндай жауапты жылдар бойы айтудан шаршамайтын компанияның өкілдеріне көпшілік сенуден қалған. Құрғақ уәдеге әбден семірген жұрт компанияны ұжымдасып, сотқа береміз деп ашынып отыр. Сондықтан Ұлттық арна түйіні тарқатылмаған түйткілді назарда ұстайды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу