Қостанайда тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіліп жатыр

22.02.2019

Бірінші кезекте автономды жылыталатын үйлерге улы газды сезгіш құрылғы тегін орнатылады. Сонымен қатар, белгілі мөлшерде тегін азық-түлікпен, отынмен қамтылады. «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы игілікті іске «Нұр Отан» партиясы мұрындық болды.

Гүлжан Мүсілімова төрт баланың анасы. Үйі табиғи газбен жылитындықтан, қауіп деңгейі жоғары. Бүгін төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, иіс сезгіш құрылғыны тегін орнатып берді. Қауіпсіздік ережелерін пысықтап, құрылғының қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Гүлжаз Мүсілімова, көпбалалы ана:

- Өзім үйдемін, балаларға қарап отырамын. Бізге келіп, құрылғыны орнатып бергендеріңізге рақмет.

Бұл отбасының енді түн баласы алаңсыз ұйықтауына болады. Газдың сәл иісі шықса, құрылғы дабыл қағып, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Жуық арада осындай 200 құрылғыны тегін орнату жоспарланған.

Әбіл Оразов, қалалық ТЖД басқарма бастығы:

- Бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың үйлеріне орнатылады. Екінші кезекте кемтар жандарды, тұрмысы төмен отбасыларды қамтимыз. Бұл құрылғылар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өте тиімді.

Сондай-ақ, көмекке мұқтаж әр отбасыға 10 келіден ұн, қант, макарон өнімдері, екі қап картоп және 3 тоннадан көмір таратылды. Бұл қайырымдылық акциясы атымтай жомарт кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Әлфия Мыңбаева, көпбалалы ана:

- Азық-түлікпен, көмірмен қамтамасыз етіп жатқандары қуантып отыр. Осы ретте ел азаматтарының қамын ойлаған Президентке рақметімді айтамын. Үлкен қолдау болды.

Жалпы, Қостанай облысында 4 668 көпбалалы отбасы тіркелген. Қазір солардың әлеуметтік жағдайы жан-жақты зерттеліп, көмек-қолдау мөлшері анықталып жатыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу