Келесі жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын іске қосу жоспарланып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын іске қосу жоспарланып отыр

28.11.2017

Қазақстанда 350 мыңнан аса тұрмысы төмен отбасы бар. Олардың айлық табысы ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызынан аспайды. Яғни, 15 мың теңгенің шамасында. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты. Келесі жылдан бастап осындай отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын іске қосу жоспарланып отыр. Тұрмыстық тауқыметті татып отырған жанұяларға негізделген жәрдемнің жаңа түрі қандай? Тілші зерделеп көрді.

Зүлфия Тілеуова қазір күміс алқалы ана. Жақында жетінші нәрестесін дүниеге әкелді. Демек, алқаның алтынын алады. Бірақ, көпбалалы ананың баладан басқа қуанышы жоқ. Алақандай саяжайды жалға паналап отыр. Оның өзі тар әрі салқын. Қыстың ызғары есік-тесіктен есіп тұр. Қысқа да қам жоқ. Көмір қымбат, оны сатып алатын қаражат та таптырмайды. Ал, мемлекеттен берілетін жәрдемақының көлемі бар болғаны 14 мың теңге. Жұбайы бар. Алайда, жұмыссыз. Еңбек еткісі келмегендіктен емес.

Зүлфия Тілеуова, көпбалалы ана:

- Әр жерге кіріп, күнделікті ақшасын ала алмайды. 10-15 мыңнан берген жоқ. Тапқанын алып келеді. Сөйтіп қалдырып кетеді әр жерге.

Осындай отбасыларға болашақта көмек екі бағытта көрсетіледі. Әуелгісі еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға ақшалай көмек беру, екіншісі жанұяның еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Мысал келтірсек, әйел кісі жұмыс істемейді, бір баласы бар. Кірісі жоқ. Санағанымыз, 50 пайыз ең төменгі күнкөріс деңгейінде беріледі. Ендігі жылдан 28 284 теңгені құрайды. Ал, 50 пайызы 15 274 теңге құрайды. Сол 15 274 теңге екеуіне санағанда 30 мыңнан асып отыр. 350 мың жанұяға сол қызметті көрсетеміз.

Осылайша, жаңа жылдан бастап әрбір тұрмысы төмен отбасы үшін оңалту картасы ашылады. Онда жанұя мүшелерінің денсаулығын дұрыстау немесе білім алуға қатысты түйіткілдер де қамтылады. Ал, оған дейін тұрмысы төмен отбасыларға төзімнің таяғына таяна тұрудан басқа шара жоқ.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу