Қостанай облысында кәсіпкер Тобыл кентінде тұратын көпбалалы отбасыға баспана сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында кәсіпкер Тобыл кентінде тұратын көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

21.02.2019

Қостанай облысында кәсіпкер Тобыл кентінде тұратын көпбалалы отбасыға баспана сатып әперді. Олар бұған дейін ауыл сыртындағы ескі жарығы жоқ үйді паналап келген. Мұндай игі істер «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асып жатыр.

Отбасы мүшелерінің бүгінгі қуанышында шек жоқ. Олардың бұрынғы үйінде тіпті электр жарығы да болмаған еді. Ауыз суды бір жарым шақырым қашықтан таситын. Балалар сабаққа бару үшін күніне 3 шақырым жол жүретін.

Андрей Михальцов, отағасы:

Жергілікті әкімдікке үйге жарық тартып беруін өтініп барған едім. Олар келіп баспанамызды көрген соң, «бұл үйден сіздерді көшіреміз» деді. Сөйтіп бір аптаның ішінде осы үйді бізге рәсімдеп берді.

Төрт бөлмелі жаңа баспана кенттің орталығына жақын.  Автономды жылу желісімен қамтылған. Суы үйге кіріп тұр.  Жайлы тұрмысқа қажеттің бәрі бар.

Сергей Ким, кәсіпкер:

Үлкен отбасылар Қазақстанда қай кезде де болды. Оларды қолдау – еліміздің болашағын қамтамасыз ету деп білемін. Бұл тұрғыда атқарар жұмыс көп. Біз – бизнес өкілдері қашанда көмек қолын созуға дайынбыз.

Жаңабай Бисембаев,  «Нұр Отан» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

Ауылдық елді мекендердегі  7 үйді көпбалалы отбасыларға жекешелендіріп беруге қам жасап жатырмыз. Сарыкөл ауданында және бір отбасыға баспана алып бермекпіз. Қалаларда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту өткір тұрған мәселелердің бірі. Қазіргі таңда  осы түйткілдерді  шешу облыс басшылығының ерекше бақылауында.          

Таран ауданында 142 көпбалалы отбасы тіркелген. Олардың мұң-мұқтажы билік басындағылардың әрдайым жіті назарында.

Айнаш Доданова, облыстық мәслихат депутаты:

Көпбалалы отбасылар бізге келіп, жағдайларын айтып, көмек сұрап жатқандары бар. Солардың әрқайсының жағдайын қарап жатырмыз. Көмірмен қамтып жатырмыз,  заңдық кеңес беріп жатырмыз.

Жалпы, Қостанай облысында 4 жарым мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ақпан айында соның 446-сына түрлі тұрмыстық, әлеуметтік көмек көрсетілген.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу