Әр ел өз өнімін паш ететін ғаламат жәрмеңкеден қазақстандық кәсіпкерлер де қалыс қалмады. Мұндай көрмеге қатысудың пайдасы көл-көсір.
Біріншіден, біздің компаниялар әлемдік нарықтағы тың өнімдермен танысады, екіншіден, өз брендін өзгеге насихаттап, жаңа сатып алушы табады.
«Продэкспо» – азық-түлік өнімдеріне арналған Ресейдегі ең ірі көрме саналады. Биылғы шараға әлемнің 70-ке тарта мемлекетінен 2500-дей компания келді. Яғни, тауардың түрі көп. Мұнда келген адам ішіп-жемге керек заттарды көзбен көріп, қолмен ұстап қана қоймай, дәмін де тата алады.
Көрмеге Қазақстандық 24 кәсіпорын қатысып жатыр. Олар балмұздақ, кондитерлік өнімдер, сусындар мен макарон, шай, консерві шығаратын және өзге де азық-түлікті өндірушілер. Олардың біразы Ресей нарығын баяғыда-ақ бағындырып үлгерген.
Қуат Жұбашев, компанияның сату жөніндегі директоры:
- Қазір Ресейдің Орал, Еділ бойы өңірінде жұмыс істеп жатырмыз. Енді біз Орталық Ресейден әріптес іздеп жатырмыз. Негізі осындай көрмелер көбірек болуы керек.
Еліміз соңғы жылдары, Ресейге азық-түлік экспортын арттырды. Жекеменшік фирмалар өз өнімін мұнда тікелей әкеп саудаласа, ұлттық компаниялар, ресейлік бизнесмендердің қазақстандық тауарды сатып алуын ынталандыра бастады.
Максим Кошатских - ресейлік дистрибьюторлық компанияның өкілі. Ол Қазақстандағы 30-ға тарта зауыт-фабрикамен келісіп, біздің өнімдерді Ресейге таратады. Кәсіпкер ай сайын 500 тонна азық-түлік сатады.
Максим Кошатских, ресейлік дистрибьюторлық компанияның даму жөніндегі директоры:
- Біз 8 жылдан бері қазақстандық азық-түлікті Ресейге әкеп сатумен айналысып келеміз. Қазір нарықта өз орнымыз бар.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.