Түркістан облысындағы мекеменің меңгерушісі қарамағындағы өзге мамандардың жалақысын көтеремін деген желеумен осындай әрекетке барған. Себебі ең төменгі жалақыны көбейту үшін қазынадан бөлінетін қаржы жеткіліксіз көрінеді. Ал, қысқартуға ұшырағандардың арасында екінші топтағы мүгедек жан мен балабақша ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар бар.
Зейнеткерлікке шығуына небәрі 4 жыл қалғанда Халима Тұрсынбаева жұмыссыз қалды. Өзі 2-топтағы мүгедек. Балабақша ашылғалы бері тәрбиеші болып жұмыс істеген. Өткен айда ауырып, ем алып жүрген маманды меңгеруші кабинетіне шақырып, қысқарту туралы бұйрықты қолына ұстатып жіберіпті.
Халима Тұрсынбаева, балабақша тәрбиешісі:
- «Біз сізді қорғай алмаймыз. Сіз боссыз. Мен жан-жақтағы адамдарға айтып қойдым. Кете беріңіз»,-деді. Денсаулығымды одан бетер құртып алдым.
Аяқ асты жұмысынан қуылған Айгүл Ортаева да балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. 7 жыл еңбек өтілі бар білікті маман.
Айгүл Ортаева, балабақша тәрбиешісі:
- Біліктілігімді арттырып келдім. «Өрлеуде» оқып келдім. Өздері ішінара тест алған, одан жақсы бағамен өттім. Бірақ соған қарамай, шығарып отыр. Биыл Жастар жылы дейді. Оған ешқандай қолдау жоқ. Үш бала-шағаммен шырылдатып, шығарып отыр.
Жұмыссыз сенделіп қалған 13 қызметкердің ішінде тәрбиешілерден бөлек, аспаз да бар. Меңгерушінің сөзінше, қысқарту кезінде олардың ешбірінің еңбек өтілі немесе кәсіби біліктілігі ескерілмеген. Оның орнына әр отбасының кірісі мен табысы есептеліпті. Яғни, қысқартуға отбасында табыс табатын өзге де адамдары бар азаматтар іліккен.
Нұрила Тағайханова, балабақша меңгерушісі:
- Мүгедекті жұмыстан шығаруға болмайды. Бірақ күйеуінің табысын есептедік. Балалары 18-ге толған. Оның табыс көзі бар.
Бұл жайттан аудан да, ауыл әкімі де хабардар. Мәселенің анық қанығына көз жеткізу үшін комиссия жасақтап, әліптің артын бағып отыр.
Бірақ мұндай ұсынысқа жұмыссыз қалғандардың ешқайсының көнгісі жоқ. Ауылдағы жұмысын, үйреніскен ұжымын тастап, жаңа ортаға барғысы келмейді. Олар енді прокуратураға шағым жазбақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.