Қарағанды облысының Жезқазған қаласында ветеринарлық зертхана 5 жылдан бері қаңырап бос тұр. Құрылыс жұмыстарының 97 пайызы тәмамдалған. Оған тапсырыс беруші Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті. Жаңа нысан үшін мемлекеттен қыруар қаражат жұмсалды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Ветеринарлық зертхана болады деп салынған ғимарат осы. 2013 жылы құрылысы аяқсыз қалып, содан бері қаңырап бос тұр. Ал, оның құрлысына мемлекеттің миллиондаған қаражаты жұмсалған.
Зертхана құрылысына республикалық бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. 2013 жылы нысан қолданысқа берілуі керек еді. Алайда, мердігерлік компания жұмысты аяқсыз қалдырған.
Серікбек Көпбаев, Жезқазған қаласы ауданаралық ветеринарлық зертханасының маманы:
- Ал, енді осы 2013 бері бұл ғимарат бостан-бос тұр. Өзінен-өзі тозып кететін болды. Сондықтан жоғары жақтан осыны тездетіп бітіріп, бізге берсе екен.
2015 жылы тамыз айында бюджет қаражатын үнемдеуге байланысты ветеринарлық нысандарды салу тоқтатылды. Сөйтіп зертхана құрылысы сағызша созылып, осы күнге дейін қала берген.
Салтанат Әбілқасымова, АШМ Ветринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Сол мердігермен ветеринарлық зертхана құрылысы туралы келісімшартқа отырған болатынбыз. Уақытында ол құрылыс аяқталмады. Сол жерге барып комиссия құрылып, жан-жақты құрылыстың қандай жағдайда тұрғанын қарайды, баға береді. Сонымен қазіргі таңда қаражат қарастыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Ал, оған дейін қаладағы ескі зертхана жұмыс істей бермек. Алайда, ауру малға диагноз қоятын санитарлық мекеме орналасқан ғимараттың жартысы қазір жекенің меншігінде. Онда дәмхана орналасқан. Денсаулығымыз үшін қауіпті деп алаңдаған жұрт қалалық әкімдікке шағымданыпты.
Аманғали Мұхамбедин, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Департамент қазір бұл шағымды қарау үстінде. Қалалық прокуратураға тіркеп, тексеріс болады деп ойлаймыз. Егер заңбұзушылық анықталса, сотпен жауып тастауға дейін барады. Болмаса кафенің иесі оны жауып, басқа кәсіп түріне көшуі мүмкін.
Осы күнге дейін қаңырап бос тұрған зертхана ғимараты жекеге сатылуы мүмкін деген ақпаратты комитет өкілдері жоққа шығарды. Керісінше қаражат бөлініп, құрылысты аяқтау көзделген. Бірақ мемлекеттің миллиондаған қаржысы шығындалған ғимараттың қашан қолданысқа берілетіні белгісіз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.