Астана әлемдегі ең суық қалалардың қатарында болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана әлемдегі ең суық қалалардың қатарында болды

07.02.2019

Өткен түн Астанада ең суық түндердің бірі ретінде тіркелді. Ауа температурасы -37 градусқа дейін түсті. Осылайша елорда әлемдегі ең суық қалалардың тізімінде 11-ші орынға жайғасты.

Жалпы, бірнеше күн болды осы ауа райының қолайсыздығына байланысты мектептерде сабақ тоқтатылды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері барлық мекемедегі жұмысшыларды үйлеріне ерте қайтаруға кеңес беріп жатыр. Біздің түсіру тобы түнгі кезекшіліктен арнайы репортаж әзірледі.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Астана уақыты түнгі 01:30 болды. Ауа температурасы -34 градусты көрсетіп тұр. Дәл қазір мен тұрған «Нұр Жол» бульварында тірі жан көрінбейді. Ал, біз осындай аязда Астана тұрғындарының түнгі тірлігін аралап, шолып, көріп қайтамыз.

Қақаған аязда көшеде кезіктірген кейіпкеріміз бұл. Көлігі оталмай, күйбеңдеп жүр екен. Түнжарымда теміржол вокзалынан ағасын қарсы алмақ болған. Бірақ темір тұлпары қатты аязға төтеп бере алмады.

Біз қаланы ары қарай араладық. Уақыт өткен сайын көшедегі көліктер де саябырси бастады. Аяз одан әрі көтерілді.

Түнгі уақытта әдетте жолдарды қардан тазалап жүрген коммуналдық қызмет мамандарын да кездестірмедік бұл түні. Дизельмен жүретін техника саршұнақ аязға шыдас бермегендіктен, түнде жұмысқа шықпапты. Жедел жәрдем қызметіне хабарласушылар саны күнделікті көрсеткіштен аспапты, 2500 шақырту түсті. Оның 9-ында үсік шалу дерегі тіркелген. Төтенше жағдайлар қызметі алдын ала дайындалып, жедел штаб құрған. Қала сыртына шығып кетіп, жолда қалған 62 адам, 19 техника қар құрсауынан шығарылды. «Жалпы, қазір қала бойынша жағдай тұрақты, бақылауда». - дейді Төтенше жағдай қызметіндегілер. Дегенмен, қала тұрғындарына аязды күндері алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Ал, метеорологтардың мәліметінше, сенбіге қарай аяздың арыны қайтады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу