Алматыда көлік алмақшы болған 30 азамат алаяқтықтың құрбаны болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көлік алмақшы болған 30 азамат алаяқтықтың құрбаны болды

07.02.2019

Олар «Тойота сити» орталығынан машина аламыз деп алданып қалған. Ақша төлегенімізге бір жылға жуықтаса да, не көлік жоқ, не ақша жоқ деген жәбірленушілер іс насырға шапқан соң, сотқа шағымданған.

30-ға жуық жәбірленуші өткен жылдың сәуір айынан бері әділдік іздеп, сабылып жүр. Олардың айтуынша, «Тойота сити» орталығынан көлік алмақшы болып, кассаға алдын ала қаржы төлеген. Бірақ орталық мамандары уәде еткен көліктерін бермек түгіл, алған ақшасын да қайтармаған.

Болдыбек Сұлтанов, жәбірленуші:

- Мен өзім орталықтың қызметкеріне 4 млн теңге төледім. Оған Toyota Corolla алғым келді. Ақшаны бухгалтерияға апарып, кассаға төлеймін деген. Ал, құжаттарды бірнеше күнде дайындап береміз деді. Бірақ содан кейін хабарсыз кетті.

Осындай бірнеше азаматтың арызынан кейін оқиғаға қатысты төрт адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың біреуі қазір уақытша қамауда отыр. Тергеушілердің дерегіне сүйенсек, орталық мамандары тұтынушыларға көлікті арзан бағамен сатамыз деп алдаған. Барлығы сату бөлімінде жұмыс істеген қызметкерлер. Ал, сол бөлімнің басшысы «бұл алаяқтыққа ешқандай қатысым жоқ, ол туралы кейін білдім», деп отыр.

Дмитрий Те, сату бөлімінің басшысы:

- Мен осы оқиға болған кезде еңбек демалысында болғанмын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.

Алайда, төрт күдіктінің қорғаушылары тергеу дұрыс жүргізілмегенін алға тартты. Себебі алаяқтық фактісіне қатысы барлардың саны 4-тен де көп болуы керек. Бұл ұйымдасқан қылмыс деп санайды.

Адвокаттардың сөзінше, заңбұзушылыққа қатысты толыққанды сараптама да жүргізілмеген. Орталықтың аудит бойынша есебі де алынбаған.

Бірнеше сағатқа созылған бүгінгі сот отырысында осы уақытқа дейін белгісіз болып келген бірнеше айғақтар анықталды. Ал, қорғаушылардың айтуынша бұл істе ашылмай жатқан құпия әлі де көп. Сондықтан бұл іс ұзаққа созылатын сияқты. Ал, көлік аламын деп қаншама қаржысын құйған жәбірленушілердің біраз уақытқа дейін әлі де жаяу жүруіне тура келетін секілді.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу