Павлодарда бірнеше шенеунік парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда бірнеше шенеунік парамен ұсталды

07.02.2019

Жыл басталғалы бір ай өтпей жатып, павлодарлық бірнеше шенеунік жемқорлық бабы бойынша айыпталды. Мәселен, Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы мен Ақсу қалалық Ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы пара алған жерінде ұсталды.

Ал, жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына себеп болған мемлекеттік мекемелерді атады. Солардың кесірінен 35 млн теңге желге ұшқан.

Өткен жылы кеңсе қағазы мен бензин бағасы түскен емес. Керісінше қымбаттаған үстіне қымбаттай берді. Ал, павлодарлық шенеуніктердің мемлекеттік тапсырыс бойынша алған тауарларының бағасы - удай.

Назымбек Бекжанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған тауарлар нарықтағы бағадан 35 млн теңгеге артық бағаланған. Павлодар қалалық Ішкі саясат бөлімі бензин мен кеңсе қағазына 400 мың теңге артық жұмсаған. Ал, Денсаулық сақтау басқармасы 690 мың теңге, ішкі істер саласында 3 млн теңге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы картридждер мен принтерлер аламыз деген желеумен 7 млн теңгені желге шашқан.

Аймақта жемқорлық індеті жайламаған сала жоқ. Бұл жасөспірімдерді бейжай қалдырмаған сыңайлы. Жақында қала мектептерінің бірінде 11-сыныпта оқитын екі жасөспірім жемқорлықтың алдын алуға арналған мобильдік қосымша ойлап тауып, оны сыбайлас қылмыспен күресетін органда қолдануға ұсыныс жасады.

Кенесары Ринатұлы, 11-сынып оқушысы:

- Біздің қосымшамыз арқылы әрбір адам кез келген қызмет көрсету саласында өзінің арыз-шағымын немесе ақпаратын қалдыра алады. Мәселен, ауруруханада науқас адамға дәрігер дұрыс қарамаса, осы қосымша арқылы тиісті органдарға хабарлама жасай алады.

Аталған мекеме қазір мобильдік қосымшаны жетілдіріп, «Рlay Market» және «App Stor» арқылы телефонға жүктеу бағдарламасын жасатып жатыр.

Жемқорлық – індет, оны жою – міндет. Бұл ретте өскелең ұрпақтың жемқорлыққа жирене қарауы - осы бағыттағы жұмыстардың жемісті болатындығының айғағы.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу