Өскеменде жеке үйлердің өрт қауіпсіздігі мен ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы сараланып жатыр. Төтенше жағдайлар басқармасы мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесіп, тұрмысы төмен тұрғындарды аралай бастады. Олардың көбі қаланың шетіндегі саяжайлар мен мен бау-бақша коопертивтерінде қоныстанған. Араларында көп балалары отбасылар да аз емес.
Гүлжан Абдрахманова алтын алқа иегері. Қыс түссе, көмір тасып, пеш жағудан қолы босамайды. Өскеменнің Согра ықшам ауданындағы мына саяжайда тұрғанына 10 жыл болған. Алғашқыда қуықтай бөлмеде тұрып, былтыр баспаналарын сәл кеңейтті. Көпбалалы аналарға дұрыс көңіл бөлінсе деген арманы бар.
Гүлжан Абдрахманова, «Алтын алқа» иегері:
- Көңіл бөлсе, мен 6 жыл бойы кішкентай дүңгіршекте отырмас едім. Егер біздің жағдайымызға кірсе, баспана кезегін көптеген жыл күтпес едім. Неше рет әкімнің алдына барып, көмек сұрадым.
7 баланың анасы кейде дүкеннен азық-түлікті қарызға алады. Өйткені, күйеуінің жалақысы күнкөріске жетпейді. Көпбалалы жанұяларға жәрдемақыны көбейту жайлы ұсыныстың жүзеге асқанын асыға күтіп жүр.
Гүлжан Абдрахманова, «Алтын алқа» иегері:
- 16200 теңге, оған мен бір баламды да киіндіре алмаймын, сөздің шыны керек, 7 бала тұрмақ. «Қазақтың санын көбейтіңдер», деді. Көбейттік, ауырпашылықтың бәрі өзімізге түсіп жатыр.
Өскемендегі әлеуметтік бөлім мамандарының мәліметінше, қазір қалада 380 әлеуеті әлжуаз отбасы бар. Олардың арасында 100-ге жуық отбасы қала шетіндегі саяжайда, жер үйлерде тұрады. Астанадағы қайғылы жағдайдан соң арнайы жұмыс тобы осы үйлерді аралай бастады.
Кәмшат Баубекова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Осы 100 үйге мониторинг жасалады. Жұмыс тобы үйлерінің жағдайы, тұрмыстық жағдайы қандай екенін анықтайды. Қандай көмек ұсынасыздар? Оларға атаулы әлеуметтік көмек беріліп отыр, тұрғын үй көмегі беріледі. Демеушілер арқылы көмек ұйымдастырылады.
Жеке үйде тұратындардың көбі пеш жағады. Мұржасынан түтін шыққан баспанаға Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары да жиі келеді. Өрт қауіпсіздігін тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Марина Лискова, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы:
- Үйін пеш арқылы жылытатын аз қамтылған отбасыларға түтін мен улы газға қарсы дабыл қондырғысы орнатылады. Мұндай құрылғылар жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіргіміз келеді.
Мұндай қондырғы Гүлжан Абдрахманованың үйіне де қойылды. Мамандар өрт қауіпсіздігін түсіндірді, үй иесі айтылған ескертулер жойылады деп сендірді. 7 балалы жанұяға ескі саяжайдағы баспананы әлі біраз жыл паналауға тура келеді. Өйткені, олар пәтер алатындардың тізімінде 1034-ші болып тұр. Балалардың үлкені 17-де, кенжесі 3-ке толған. Білімге құштар, сабақтан сабақтан қалмайды. Көшедегі қаңғыбас иттерден де қорықпайды.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.